Студенттік олимпиада жеңімпаздары жұмысқа қабылданатын болды

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - «Ақпараттық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және радиотехника» олимпиадасының жеңімпаздары «Мемлекеттік техникалық қызмет» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жұмысқа қабылданады.

Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Еске салсақ, «Мемлекеттік техникалық қызмет» кәсіпорны Қарағанды техникалық университетімен бірлесе ұйымдастырылған студенттік олимпиаданың қорытындысы жақында шығарылған болатын. Халықаралық олимпиадаға Қазақстан, Ресей және Қырғызстан елдерінің жетекші жоғары оқу орындарының магистранттары мен 3,4 курс студенттері қатысқан еді. Ал, әділқазылар және ұйымдастырушы комитет құрамына «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК жетекші қызметкерлері мен ҚарМТУ профессорлық-оқытушы құрамы енді.

Интеллектуалдық жарыс екі бағыт бойынша өтіп, оның алғашқы кезеңі 2013 жылғы 1-8 сәуір аралығында «Ақпараттық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және радиотехника» тақырыбында жүргізілсе, екінші кезеңі 2013 жылғы 25 сәуірде «ІТ және ақпараттық қауіпсіздік», ал 2013 жылғы 2 мамырда «Радиотехника және телекоммуникация» тақырыбында өткен болатын.

Нәтижесінде жүлделі орындар былай сараланды:

«Ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік» секциясы бойынша өткен интелектуалдық жарыстың жеңімпаздары қатарында:

1 орын- Қойшыбаев Рамазан Хайруллаұлы (ҚарМТУ, Қарағанды)

2 орын - Увалиев Ернар Қазбекұлы (ҚарМТУ, Қарағанды)

3 орын - Қосымбаев Әлібек Бақытұлы (Халықаралық ІТ-университеті, Алматы).

«Радиотехника және телекоммуникация» секциясы бойынша жеңімпаздар:

1 орын - Карменова Дина Естайқызы (Халықаралық ІТ-университеті, Алматы)

2 орын - Төрехан Сыпатай Маратұлы (Халықаралық ІТ-университеті, Алматы)

3 орын - Мырзакерімов Нұрсұлтан Досмуханбетұлы (Халықаралық ІТ-университеті, Алматы).

Шараның жабылу салтанатында лауреаттарға 1,2,3 дәрежедегі дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, олимпиада жеңімпаздары «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК қызметке орналасу мүмкіндігіне ие болады.