Студенттік жатақханаларда 5000-нан аса орын тапшы — министр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2026 жылдың соңына дейін шамамен 20 студенттік жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Министрдің айтуынша, елдегі студенттер жатақханасындағы орын тапшылығы айтарлықтай қысқарған.

— Бұрын 82 мың орынға дейін жеткен тапшылық бүгінде 5176 орынға дейін азайды. Тіпті Астанада бұрын 5 мың орын жетіспесе, қазір ол 176 орын ғана. Қалған тапшылық тек Алматы қаласында қалып отыр. Жылдың соңына дейін шамамен 20 студенттік жатақхана пайдалануға беріледі, — деді ол.

Ведомство мәліметінше, жатақхана тапшылығының бір бөлігі мемлекеттік және жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ субсидиялау тетігі арқылы жабылған. Соңғы бес жылда жеке инвестициялар есебінен шамамен 60 мың орын ашылған.

Министр сондай-ақ студенттерді жатақханамен қамту үшін дағдарыстық орталықтар жұмыс істейтінін атап өтті. Мәселен, Алматыдағы Логистика және көлік академиясы базасында 55 бөлмесі бар орталық студенттерге көмек көрсетіп келеді.

Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанында да ситуациялық орталық жұмыс істейді. Онда арнайы мамандар кеңес беріп, студенттерді бос орындарға бағыттайды.

— Соңғы 3–4 жылда жатақхана мәселесі бойынша шағымдар азайды. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жолға қойылды, — деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі талап бойынша жоғары оқу орындары студенттердің кемінде 80 пайызын жатақханамен қамтамасыз етуі тиіс.

Еске сала кетейік, елімізде студенттер саны қанша екені белгілі болды.