Су басқан аймақтарда жіті ішек инфекциялары, А вирустық гепатиті тіркелген жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Су басқан аймақтарда жіті ішек инфекциялары, «А» вирустық гепатиті жағдайлары тіркелген жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева айтты.

Фото: Kazinform/Солтан Жексенбеков

«Бұл күндері Денсаулық сақтау министрінің орынбасарлары өңірлердегі су басқан аумақтарды аралап, эвакуациялық пункттерге барды. Онда олар медициналық көмек көрсету деңгейімен танысып, пациенттермен кездесіп, дәрілік заттардың бар-жоғын және шұғыл қызметтердің дайындығын тексеруде. Улану мен инфекциялық ауруларға жол бермеу үшін эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар аясында барлық өңірде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары сумен жабдықтау көздерінің объектілеріне бақылауды күшейтті. Санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге су сынамаларын іріктеу және зерттеу жүргізуде», - деді ресми өкіл Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның атап өтуінше, су тасқыны басталғаннан бері су басқан аймақтардағы орталықтандырылған көздерден 7 616 ауыз су сынамасы алынды. 

«Эвакопункттерде жіті ішек инфекциялары, «А» вирустық гепатиті жағдайлары тіркелген жоқ. Барлық өңірде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің күнделікті бақылауында», - деді ол.