Су басу қаупі едәуір төмендейді: Даму банкінің қаражаты қайда бағытталады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қаржы институттарынан тартылатын қомақты қаражат қай бағытта игерілетінін түсіндірді.
- Алдағы жұмыстардың ауқымдылығы мен өңірлерге қажетті күрделі инвестициялар көлемін ескере отырып, шетелдік қаржы институттарын тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Ислам даму банкінің директорлар кеңесі жалпы құны 2,7 млрд АҚШ долларын құрайтын несие мен грант бөлу туралы шешім қабылдады. Жоба екі кезеңмен іске асырылады, - деді Н. Нұржігітов Парламент Мәжілісіндегі су шаруашылығы саласын реформалау тақырыбындағы Үкімет сағатында.
Министрлік ақпаратына қарағанда, I кезең (2025–2027 жж.) бойынша келісім сомасы – 1,153 млрд АҚШ долларын құрайды. II кезең (2027–2029 жж.) аясында 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту көзделген. Несие қаражаты есебінен 2025 жылы еліміздің өңірлерінде төрт су қоймасының құрылысы басталады.
- Атап айтқанда, оңтүстік өңірлерде орналасқан Ақмола, Қалғұты және Қараөзек су қоймалары жаңадан айналымға енгізілетін 22,5 мың гектар суармалы жердің вегетациялық кезеңіндегі су тапшылығын өтеуге бағытталады. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында Үлкен Өзен өзенінде салынатын су қоймасы (28 млн м³) тасқын және еріген суларды жинауға, сондай-ақ Қазталов ауданындағы екі елді мекенді (шамамен 5 мың адам) су басу қаупінен қорғауға мүмкіндік береді. Бірінші кезең аясында сонымен қатар Жамбыл облысындағы Теріс-Ащыбұлақ пен Қарақоңыз су қоймаларын және Түркістан облысындағы Қосқорған мен Көксарай контрреттеуішін реконструкциялау көзделген. Бұған қоса, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағында жалпы ұзындығы 3452 шақырымды құрайтын 115 ирригациялық каналды цифрландыру элементтерімен жаңғырту жоспарлануда. Жобалар тізбесіне Түркістан облысындағы «Тұран су» және Алматы облысындағы «Алматыоблсушар» коммуналдық шаруашылық нысандарына арналған жұмыстар да енгізілген, - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, 2027 жылға жоспарланған несиені іске асырудың екінші кезеңі аясында 25 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар 13 су қоймасын салу және 11 су қойманы реконструкциялауды қамтиды. Сонымен қатар, 10 облыста (Алматы, Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар және Түркістан) орналасқан 5000 шақырымнан астам ирригациялық каналдарды жаңғырту көзделген. Аталған жұмыстар нәтижесінде су инфрақұрылымының жалпы жағдайы айтарлықтай жақсарады. Бұдан бөлек, 200 мыңнан астам халқы бар 134 ауылдық елді мекенде су басу қаупі едәуір төмендейді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, суармалы егістіктерге су тарифтерін белгілеудің жаңа әдістемесі әзірленеді.