Су биоресурстары комиссиясының отырысында Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізу туралы Қазақстанның бастамасы талқыланады

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Су биоресурстары комиссиясының отырысында Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізу туралы Қазақстанның бастамасы талқыланады. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Юрий Ромашов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2009 жылдың сәуір айында Елбасы Иран президентімен кездесу барысында Каспий теңізі бойынша бекіре тұқымдас балықтарды аулауға 10-15 жылға дейін мораторий жариялау туралы бастама көтерген болатын. Біз бұндай ұстаным бойынша жұмысты одан әрі қарай жалғастырамыз және мораторийді Каспий теңізі жағасындағы барлық мемлекет қолдаулары қажет. Осыған орай, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес бірқатар шаралар атқарылуда», деді Ю. Ромашов.

Оның айтуынша, 2010 жылғы маусымның 14-16-ларында Иранда су биоресурстары туралы комиссияның кезекті 31-ші отырысы өтеді деп жоспарланған. Аталған отырыстың күн тәртібіне Қазақстанның Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий жариялау туралы бастамасы шығарылып отыр.

«Жалпы, бекіре тұқымдас балықтарды аулауға қатысты шектеулерге келетін болсақ, Ресей тарапы бірнеше жылдар бойы бұндай балықтарды ғылыми мақсаттар мен тауарлық өндіріс үшін аулауда. Басқа да Каспий жағалауы елдері де бұл мәселені талқылап жатыр. Мәселен, Әзірбайжан мораторийді сатылап жүргізуді ұсынады. Иран мен Түрікменстанның ұстанымдары әлі де нақты емес, олар мемлекеттік органдары тарапынан пысықталу үстінде, дегенмен қазақстандық бастамаға ешқандай ашық қарсылықтар болған емес», деді Ю. Ромашов.