Су бойынша Қазақстанның Қырғызстанға ешқандай өкпесі жоқ - Қырғыз АШМ

Фото: Фото: Галина Скрипник
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғызстан ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су ресурстары қызметінің директоры Алмазбек Сокеев баспасөз мәслихатында су мәселесі бойынша Қазақстан тарапынан Қырғызстанға ешқандай наразылық жоқ екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Ведомство басшысы қазақстандық әріптестерімен телефон арқылы сөйлескенін жеткізді, айтуынша, олар шағым жоқ екеніне сендірген.

17-19 шілдеде Қазақстан тарапының өтініші бойынша Киров су қоймасынан су бөлу және су беруді 45 м3/сек дейін ұлғайту мәселелері бойынша Қырғызстан және Қазақстан өкілдерінің кездесуі өтті.

Қазақстандық әріптестердің келісімімен екі тараптың қол қойылған хаттамасына сәйкес 2023 жылдың 4 тамызына дейін су деңгейі түсіріледі.

Лимиттің аяқталуына байланысты осы жылдың 5 тамызынан бастап ҚР-ға су беру тоқтатылды.

Сондай-ақ, Киров су қоймасына ағын ұлғайған жағдайда Қырғызстан Қазақстанға су беру мәселесін қарайтыны хабарланды.

Ведомствоның мәліметінше, Киров су қоймасының жобалық көлемі 550 млн м3.

Су Қырғызстан мен ҚР арасында қол қойылған су бөлу кестесі мен хаттамасына сәйкес берілген.

Ведомство бүгінде қырғыз тарапы Қазақстан алдындағы бүкіл міндеттемелерін орындағанын атап өтті.

2023 жылғы 22 тамыздағы жағдай бойынша Киров су қоймасының көлемі - 14,5 млн м3, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 92,1 млн м3 кем.

Бүгінде 0,7 м3/сек (өткен жылы – 13,7 м3/сек) су түсіп жатыр, ағын ұлғаймаған.

Шенеунік Шу өзені арқылы су беруге қатысты мәлім еткендей, қазіргі уақытта Қазақстанға Георгиевск магистральдық каналы арқылы 6,5-7 м3/сек, ал жалпы 9,5-10 м3/сек жіберіліп жатқанын хабарлады, бұл 20% лимитті құрайды.

Су ресурстары қызметінің басшысы Қырғыз-Қазақстан шекарасында жүк көліктерінің көп жиналуымен байланысты жағдайды су тоқтатумен байланыстырмайды.