АСТАНА. ҚазАқпарат - Су добынан Азия чемпионатында Қазақстан ерлер және әйелдер құрамалары қола жүлдеге таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Таиландтың Самутпракан қаласында өтіп жатқан құрлықтық додада бүгін жартылай финалда еліміздің ерлер құрамасы Жапонияға 4:20 есебімен жеңілді. Әйелдер құрамасы да Жапонияға 12:16 есебімен жол берді.
Енді екі құрама да 3-орын үшін сайысқа түседі. 14 қарашада ерлер құрамасы Иран, әйелдер құрамасы Таиландпен ойнайды.
Топтық кезеңде А тобында сынға түскен қазақстандық Оңтүстік Кореяны 6:5, Таиландты 15:4, Үндістанды 17:4 есебімен жеңсе, Иранға 10:11 есебімен есе жіберді. Ширек финалда Сингапурды 18:8 есебімен қапы қалдырды.
Ал, әйелдер құрамасы топтық кезеңде Сингапурдан 18:9, Оңтүстік Кореядан 25:5, Таиландтан 15:6 есебімен басым түсіп, Жапонияға 13:23, Қытайға 5:16 есебімен жеңілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.