Су кодексі: су ресурстарын басқару тәсілдерін қайта қарау қалай жүзеге асып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет Су ресурстары және ирригация министрлігі атынан су саласы саласында жаңа су қоймаларын салуды, жұмыс істеп тұрған нысандарды реконструкциялауды, цифрлық технологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізуді қамтитын ауқымды жаңғыртуды жалғастырады.
Бүгін Қазақстанда су шаруашылығы қызметкерлері — тұрақты сумен жабдықтауды, ирригацияны дамытуды және су ресурстарын қорғауды қамтамасыз ететін мамандар кәсіби мерекесін атап өтеді. Климаттық өзгерістер мен су тапшылығының артуы жағдайында бұл саланың маңызы артып, су ресурстарын тиімді басқару мемлекеттік саясаттың басымдықтарының біріне айналып отыр.
Осы тұрғыда Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет су ресурстары және ирригация министрлігі атынан су саласы саласында жаңа су қоймаларын салуды, жұмыс істеп тұрған нысандарды реконструкциялауды, цифрлық технологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізуді қамтитын ауқымды жаңғыртуды жалғастыруда. Бұл реформалардың мақсаты суды тұрақты әрі тиімді пайдалануды, өзгермелі климат жағдайында қауіпсіздікті, сондай-ақ су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету болып саналады.
Сонымен қатар су тапшылығының артуына байланысты су ресурстарын тиімді әрі ұқыпты басқару үшін шаралар қабылдануда. Жақында өткен кеңесте Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың алдына вегетациялық кезеңде су тәуекелдерін басқаруға жауапты өңірлік штабтар құру міндетін қойды. Суару кезінде су үнемдейтін технологияларын белсенді енгізу және су пайдалану саласындағы заң бұзушылықтарды бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Жаңа Су кодексі — заманауи басқару құралы
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында су инфрақұрылымын толыққанды жаңарту қажеттігін ерекше атап өтті. 2025 жылғы 9 сәуірде Мемлекет басшысы су үнемдеу тетіктерін енгізуге және су нысандарын қорғауға, азаматтар мен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануынан қорғауға бағытталған Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексіне қол қойды.
— 2025 жылғы маусымынан бастап құжат ресми түрде күшіне еніп, суды реттеу саласындағы жаңа тәсілдерге көшуді белгіледі. Жаңа кодекс су тасқынына қарсы іс-шараларды қоса алғанда, судың зиянды әсерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды, су ресурстарын басқару тәсілдерін қайта қарауды, мемлекеттік реттеуді қатаңдатуды және су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы бақылауды көздейді, — делінген хабарламада.
Соңғы жылдардағы оқиғалар, оның ішінде өткен жылғы ауқымды су тасқыны су ресурстарын басқару жүйесін реформалаудың маңыздылығын тағы да дәледеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Кодекс жобасына бес негізгі қағида енгізілді:
- Біріншісі — судың қоршаған ортаның ажырамас бөлігі ретіндегі рөлін, халықтың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізін күшейту.
- Екіншісі — оларды пайдалану кезінде су ресурстарының экономикалық құндылығы.
- Үшіншісі — жер үсті және жер асты су ресурстарын кешенді пайдалану.
- Төртіншісі — суды тиімді әрі ұтымды түрде үнемдеу.
- Бесінші — су қорын пайдалану және қорғау жөніндегі міндеттерді шешуге жұртшылықты тарту.
Жаңа кодекс су ресурстарын басқарудың интеграцияланған бас жоспары мен бассейндік жоспарын әзірлеуді қарастырады. Ықтимал қауіпті гидротехникалық құрылыстар үшін көп факторлы тексеру жүргізу және қауіпсіздік декларацияларын әзірлеу жөніндегі міндеттемелер көзделеді, олардың тізілімін жүргізу мәселелері жүйелендірілді.
Заңнамалық деңгейде су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік талаптары күшейтіледі. Егер су үнемдеу жоспарлары орындалмаса, су ресурстарын басқару органдары жедел ден қою шараларын қабылдай алатын қадағалау функциялары енгізілді.
— Судың «қара» нарығымен күресу үшін су нысандарында, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде шаруашылық қызметті жүзеге асыруға белгіленген тыйымдардың сақталуына және өз бетінше су пайдалануға жол бермеу үшін бақылау күшейтілді. Осы тұрғыда Премьер-министр жергілікті жерлерде мониторингті жандандыруды, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қоюды және суару реттілігінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды, — жазды Үкіметтен.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығындағы өнімсіз шығындарды азайту арқылы тиімділікті арттыруға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, ирригациялық кондоминиум құру тәртібі белгіленді, онда ол болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдарға шаруашылықішілік жүйелерге қызмет көрсету үшін кәсіпорындар құру жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің су пайдалануды жоспарлау, бөлінбейтін меншікті бірлесіп пайдалану жөніндегі міндеттері регламенттелген. Тәуекелдердің алдын алу үшін су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу шаралары анықталды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында спутник деректері мен су тапшы аймақтардың интерактивті карталарын қолдана отырып, суды пайдаланудың цифрлық мониторингін енгізу міндеті қойылды. Бұл шараларды СРИМ қазірдің өзінде жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ұлттық ақпараттық жүйені құру көзделген.
Сонымен қатар су шаруашылығы құрылыстарын толыққанды есепке алу, олардың сандық және сапалық көрсеткіштерін бағалау, баламалы су көздерін пайдалану, арнайы су пайдалануға рұқсат алмай, 2 млн м3 дейінгі көлемде еріген қар суын суару үшін жинақтау және одан әрі пайдалану, су нысандарының мониторингі жөніндегі нормалар нақтыланды.
Құжат сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, нөсер және дренаждық ағындарды реттеу, иесіз жүйелерді коммуналдық меншікке беру жөніндегі нормаларды қамтиды. Сондай-ақ онда өнеркәсіп қажеттіліктері үшін ауыз судың орнына техникалық суды пайдалану, қызметтерді уақытша тоқтатуды реттеу және техникалық аудит негізінде сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жоспарлы жаңарту жөніндегі шаралар көзделген.
Жер асты суларын іздеуді, бағалауды, мониторингті және қорғауды реттеуге қатысты нормалар күшейтілді. СРИМ құрамында бұл мәселелермен Ұлттық гидрологиялық қызмет айналысатын болады.
Су ресурстарын басқару жөніндегі шешімдерді қабылдауға жұртшылықтың қатысуы кеңейтілді.
Бассейндік кеңестер бұдан былай су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін қысқарту тәртібі, су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар, жергілікті атқарушы органдардың оларға жүктелген функцияларды іске асыру кезінде жіберген бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар туралы ұсынымдар енгізетін болады.
Халықаралық ынтымақтастық
2025 жылғы 4 сәуірде Самарқанд қаласында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 89-шы отырысы өтті. Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген әріптестерімен жасалған келісімдердің нәтижесінде биылғы суару кезеңінде Қазақстанға Сырдария өзені бойынша 3,7 млрд м3 су, «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 909 млн м3 су келіп, Солтүстік Аралға 975 млн м3 су жіберіледі.
2025 жылғы 25 сәуірде Астана қаласында Шу және Талас өзендеріндегі Мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы комиссиясының 35-отырысы өтті, оның қорытындысы бойынша 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарынан су беру кестесі бекітілді.
Мәселен, мамырдан қыркүйекке дейін Қазақстанға Талас өзені бойынша 400 млн м3 су, Шу өзені бойынша — 180 млн м3 су беріледі. Осылайша, 2025 жылдың вегетациялық кезеңінде сумен қамтамасыз етудің (сәуірді ескере отырып) жалпы көлемі 625 млн м3 құрайды деп болжанған.
Айта кетейік, елде ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.