Су көлігін дамытуда ірі жобалар жүзеге асырылуда
19:00, 01 Маусым 2009
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпара. /Айдын Бәймен/ - Ақтау портын солтүстік бағытында кеңейту жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Бұл жоба «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасы аясындағы серпінді жобалардың тізбесіне қосылған болатын. ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет сағатында ҚР Көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайынов: «Аталған жобаның мақсаты ? 2013 жылға қарай оның жобалық қуатын екі есе арттырып, жылына 23 млн. тонна түрлі жүк өткізуге жеткізу. Жобаны жүзеге асыру мерзімі ? 2006-2012 жылдарды қамтиды»,- деді.Министрдің баяндауынша, теңіз көлігін дамыту бағдарламасы аясында Баутино портында кеме жөндеу базасы салына бастады. Бұл маңызды жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы құрамындағы «Теңіз-Сервис» ЖШС мен «Қазмортрансфлот» АҚ жүзеге асырып жатыр.