«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының мәліметінше, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы биылғы суару науқанында тұрақты суару үшін 3,25 млрд текше метр су пайдалану лимитін белгіледі.
— Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының индикативті жоспарына сәйкес 185,8 мың гектар егіс алқабын орналастыру межеленсе, оның 70 мың гектары — күріш. Индикативті жоспар мен лимит негізінде электронды жүйе арқылы 121,2 мың гектар егіс алқабы бойынша 1053 тұтынушымен келісімшарт жасалды. Суару науқаны басталғаннан бері Сырдария өзенінен 3,29 млрд текше метр су алынды. Тұтынушыларға 2,49 млрд текше метр су жеткізілді. Осылайша лимит толық орындалды, — деді филиал директорының орынбасары Айдос Асанбаев.
Мамандардың айтуынша, Сырдария өзенінде су деңгейінің жоғары болуынан су тапшылығы туындаған жоқ. Күріш толық суға бастырылып болғанша судың қара нарығындағы жағдай да қатаң бақылауда болды.
— Дегенмен, 5 шаруа қожалығының келісімшарттан тыс 134 гектар жерге күріш еккені анықталды. Қағидаға сәйкес екі еселенген ақы төлеу шарасы қабылданды. Атап айтқанда, 16,9 млн теңге төлеу міндеттеліп, оның 14,6 млн теңгесі немесе 86%-ы өндірілді. Бүгінгі күні келесі жылғы суару науқанына дайындық қызу. Аяқталмай қалған инвестициялық жобалар, ағымдағы жөндеу, механикалық тазарту жұмысы жалғасып жатыр. Оның ішінде каналдар бөгеліп, кептіріледі. Республикалық меншіктегі су шаруашылығы нысандарының ақауын анықтау бағытында визуалды тексеру басталды, — деді Айдос Асанбаев.
Жалпы елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген биллинг жүйесі арқылы шаруалармен суару суын жеткізу бойынша 26,5 мыңнан астам келісімшарт жасалғаны белгілі.