Су ресурстары министрі «кран суын» іше ме
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов орталықтандырылған, яғни кран арқылы келетін суды іше ме? Бұл сауалға ведомство басшысының өзі жауап берді.
- Қазір судың сапасы сағат сайын тексеріледі. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі, сол сияқты санитариялық-эпидемиологиялық қызмет те өз жоспары аясында бақылау өлшемдерін жүргізеді. Бүгінде орталықтандырылған жүйеден берілетін ауызсуды халық пайдаланып отыр. Қай жерде су ішуге қауіпсіз, қай жерде ішуге болмайды деу жөнсіз. Себебі орталықтандырылған сумен жабдықтау дегеніміз, бұл суды тұрмыстық мақсатта ішуге болады дегенді білдіреді, - деп жауап берді Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері министрден «Кран суын ішесіз бе?» деп сұрады.
- Мен өңірлерге барғанда әрқашан суды ішемін. Маған кейде «Қай өңірде ең дәмді су?» деген сұрақ қояды. Бұл сұраққа жауап беру үшін мен үнемі суды ішіп көремін. Бірақ қай өңірдің суы дәмді екенін айта алмаймын. Әлі барлық өңірді аралап үлгермедім, - деп толықтырды ведомство басшысы.
Айта кетейік, 2027 жылға дейін су есептеу жүйесін толық цифрландыру жоспарланып отыр.
Елімізде ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.