Су ресурстары министрі іске қосылатын ірі жобаларды атады
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылға 184 млрд теңгені құрайтын 138 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.
- Биыл бюджет қаражаты мен халықаралық қаржы ұйымдарының (Бүкіләлемдік, Ислам және Еуропалық банктер) қаражаты есебінен 6 мыңнан астам шақырым канал (1485 канал) қайта жаңғыртылып жатыр. Оның ішінде 2025 жылы екі жүз мыңға жуық гектар жүктелген аумағымен мың шақырымға жуық (962 км) канал (275 канал) пайдалануға беріледі. Жалпы алғанда, 2021–2025 жылдар аралығында шамамен жеті мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылатын болады, - деді Н. Нұржігітов Парламент Мәжілісіндегі су шаруашылығы саласын реформалау тақырыбындағы Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, ирригациялық каналдарды жаңғыртумен қатар, өзге де маңызды гидротехникалық құрылыс нысандарында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
- Атап айтқанда, сыйымдылығы 245 миллион текше метрді құрайтын Ақтөбе су қоймасы, 120 мың гектар аспалы алаңы бар Қызылорда су торабы, Шымкент қаласындағы Тоғыс су қоймасы жаңғыртылып пайдалануға берілді. Сонымен қатар 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында 200 мыңға жуық тұрғыны бар 49 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған 8 су нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы алғанда, былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі жалпы құны шамамен 600 млрд теңгені құрайтын 137 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізді, - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылға жалпы сомасы 184 млрд теңгені (2024 жылдан 67%-ға артық) құрайтын 138 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Аталған жобалардың 31-і еліміздің 9 облысында – Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта жаңарту бағыттарына арналған. Осы мақсаттарға биыл 71 млрд теңге бөлінді. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде халық саны шамамен 1,3 млн адамды құрайтын 468 ауылдық елді мекен таза ауызсумен қамтылып, 2,5 мың шақырымнан астам су құбыры салынады және қайта жаңартылады.
- Іске асыруға жоспарланған ірі инфрақұрылымдық жобаларға тоқталсақ, Түркістан облысында Қарақуыс су қоймасының (1,1 млн м³) құрылысын аяқтау, Жетісу облысында Қызылағаш су қоймасын (42,6 млн м³) реконструкциялау, Солтүстік Қазақстан облысында «Биопруд» су жинақтауышының қорғаныс дамбасын (35 млн м³) салу, Ақмола облысында Жабай өзеніңде Балкашино ауылы маңында (1,5 млн м³) су жинақтауыш салу, Жамбыл облысында жалпы көлемі 1,4 млн м³ болатын «Андас 1 және 2» тоғандарының құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар, Жамбыл облысындағы Ынталы, Батыс Қазақстан облысындағы Киров және Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймаларын реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған жобалар аясында 2025 жылдың соңына дейін шамамен 180 млн текше метр көлемінде тасқын және еріген суды қосымша жинауға мүмкіндік беретін су қоймаларын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Одан басқа 214 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы және техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленеді, - деді Нұржан Нұржігітов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, суармалы егістіктерге су тарифтерін белгілеудің жаңа әдістемесі әзірленеді.