Су ресурстары министрлігі 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасын әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында, 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасын әзірледі.

Фото: pixabay.com

Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, бүгінгі таңда құжат Үкіметпен келісіліп жатыр.

Жол картасы су саласын цифрландыру, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері үшін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және неғұрлым үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу жөніндегі іс-шараларды көздейді.

Сондай-ақ кәсіпорындарда суды қайта пайдалануды енгізу, коммуналдық сумен жабдықтауды есепке алу жүйелерімен толық қамту, ірі елді мекендерде тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану, су шығынын азайту жөніндегі іс-шаралар және су ресурстарын тұтыну мәдениетін енгізу қарастырылды.

«Құжат еліміздің су саласының барлық бағыттарын қамтиды. Суды тек кәсіпорындар мен шаруалар ғана емес, барлық қазақстандықтар үнемдеуі тиіс. Сондықтан жол картасына халық арасында суға ұқыпты қарау мәдениетін насихаттау бойынша да іс-шаралар енгізілді», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.