Су ресурстары саласында ҮЕҰ-мен ынтымақтастықты дамытуға арналған жаңа кеңес құрылды

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылады, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

XII Азаматтық форум қарсаңында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Іс-шараға Қазақстан Азаматтық альянсының Президенті Бану Нұрғазиева және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Лима Диас қатысты.

Кездесуде Нұржан Нұржігітов ведомствоның соңғы екі жылда атқарған жұмыстары туралы айтты. Қатысушылар су ресурстарын бақылау тетіктерін және су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастықты талқылады. Үкіметтік емес ұйым өкілдері су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік бастамаларды іске асыру бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Бұл ұсыныстар XII Азаматтық форумында ескеріледі.

Кездесу қорытындысы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесін құру туралы шешім қабылданды.

— Біздің министрлік үкіметтік емес сектормен ынтымақтастықты тиімді әрі тұрақты су саясатының ажырамас бөлігі деп санайды. Мысалы, жаңа Су кодексінің басты мақсаттарының бірі — қоғамның су ресурстарын басқаруға белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Бассейндік кеңестер арқылы су пайдаланушылар, бизнес, экологиялық ұйымдар мен ғылыми орта өкілдеріне шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі берілді. Қоғамның рөлін күшейту — су саласындағы шешімдер жергілікті жердегі нақты мәселелерді көріп отырған азаматтардың пікірін ескере отырып қабылданады деген сөз, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрдің ҮЕҰ өкілдерімен кездесуі 15-16 қазанда өтетін XII Азаматтық форумға дайындықтың екінші кезеңі аясында өтті. Азаматтық форум — мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы ашық әрі конструктивті диалогқа арналған ұлттық алаң. Ол екі жылда бір рет өткізіледі және мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық құрылымдардың, бизнес өкілдерінің, сарапшылар мен ғылыми қауымдастықтың басын қосады. Дайындықтың алғашқы кезеңінде, мамырдан қыркүйекке дейін еліміздің 20 өңірінде қоғам өкілдерімен кездесулер өтті. Оның нәтижесінде форум қатысушыларының ұсыныстарын жүзеге асыруға бағытталған іс-қимыл жоспарлары қабылданды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құруды тапсырды. Ол гидрогеологиялық мониторинг міндеттерін толыққанды шешуге мүмкіндік береді. Kazinform тілшісі осы бастаманың жүзеге асырылу барысына шолу жасады.