Су ресурстары министрлігі құрылғалы 872 нысанды мемлекет меншігіне қабылдады

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған сәттен бастап еліміздің 10 облысында коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған мекемелер құрылды.

Қазіргі таңда олардың балансына 872 нысан қабылданып, 283 арнайы техника берілді және 1 197 маман жұмысқа орналастырылды.

Мамандандырылған мекемелердің негізгі міндеті – гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету, оларды жақсы жағдайда ұстау және жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізу.

– Мұндай мекемелер Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында ашылды. Осылайша елімізде коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған мекемелердің жалпы саны 16-ға жетті, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрліктің бастамасымен облыс әкімдіктері 2025-2027 жылдарға арналған мамандандырылған мекемелердің балансына коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды қабылдау бойынша жол карталарын әзірледі.

Айта кетейік, қайтарылған автивтердің 10 миллиард теңгеден астамы Абай облысына су тартуға бөлінді.