Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары мен «АККЕ Астана» ЖШС-нің директоры ұсталды - қаржы полициясы
17:20, 27 Маусым 2012
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - 25 маусымда бюджет қаражаттарын жымқырды деген күдікпен Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Кумашев пен «АККЕ Астана» ЖШС-нің директоры Мұрат ұсталды.
Бұл ақпаратты Астана қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметі таратып отыр.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, Астана қалалық қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері республиканың 7 облысында орналасқан 36 су шаруашылығы жүйелерін тексеруге бөлінген 1,5 млрд. теңгені ұрлау фактісі бойынша Ауыл шаруашылық министрлігі Су ресурстары комитетінің лауазымды тұлғаларына және «АККЕ Астана» ЖШС-нің басшыларына қатысты қылмыстық істі тергеуде.
Оларға айып тағылып, тұтқынға алу санкциясы сотқа жіберілді. Қылмыстық іс тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.