Халықтың және экономика салаларының қажеттіліктері үшін пайдаланылатын судың жалпы көлемі шамамен 25 текше шақырымды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығына – 15 текше шақырым , өнеркәсіпке – 6 текше шақырым және коммуналдық шаруашылыққа бір текше шақырым тиесілі. Ал тасымалдау кезіндегі шығындар үш текше шақырымды құрайды. Сонымен қатар, экологиялық жүйелерді қолдау үшін шамамен 50 текше шақырым қажет.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстан су аз цикліне кірді. 2019 жылы өзен ағысының жалпы көлемі 83 текше шақырымды құрады. Бұл орташа көп жылдық көрсеткіштен жиырма пайызға аз.
«Айта кету керек, республика бойынша пайдаланылатын судың 97% оңтүстіктегі төрт облысқа тиесілі. Республика бойынша пайдаланылған судың нақты көлемі 13,3 текше шақырымды құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1 текше шақырымға артық», - деді Мырзағалиев.
Айтап айтқанда, биылғы вегетациялық кезең тұрақты өтті. Алматы облысында қар жамылғысы өткен жылдармен салыстырғанда 35% аз болды. Іле өзенінің ағындылығы екі-үш есеге азайды. Ал суармалы жерлердің ауданы 2019 жылмен салыстырғанда 11% ұлғайды. Жоғарыда аталған факторларға қарамастан, жалпы вегетация сәтті өтті деп айтуға болады.
Министрдің сөзіне қарағанда, облыста күріш егу алаңы он мың гектарды немесе жалпы суармалы алаңның екі пайызын құрайды. Бұл ретте күріш алқаптарына облыс бойынша пайдаланылатын судың он пайызы немесе жылына 350 млн текше метр су жұмсалады.
«Осыған байланысты күріш егісін қысқарту қажет деп санаймыз. Ал, үнемделген судың есебінен ылғалды аз қажет ететін дақылдардың 40 мың гектар егістіктерін суаруға мүмкіндік пайда болады», - деді Мырзағалиев.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысында 2020 жылы су көлемі орташа көп жылдық деректерден 15-20%-ға төмен болды. Трансшекаралық өзендерде су бөлу бойынша туындаған қиындықтарға қарамастан, облыста вегетациялық кезең тұрақты өтті. Болжанғандай су аз циклды ескере отырып, біртіндеп ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу және су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу керек.
«Түркістан облысында Сырдария өзенінің ағыны 2020 жылы он бес пайызға және оның негізгі ресурсы болып саналатын Тоқтоғұл су қоймасының (Қырғызстан) көлемі 2019 жылға қарағанда 2 млрд текше метрге аз болды. Осыған қарамастан, суармалы суды жеткіліксіз беру фактілері тіркелген жоқ. Мақтарал ауданында 4 мың гектар жерде күріш өсірілгенін айта кеткім келеді. Егер де осыны қысқартқан жағдайда, 158 млн текше метр су үнемделеді. Тиісінше, осы үнемделген судың есебінен он үш мың гектар ылғалды аз қажет ететін дақылдарды суаруға болады», - деп түсіндірді министр.
Қызылорда облысы бойынша суармалы жерлердің ауданы 251 мың гектарды құрады. Бұл - елдің жалпы суармалы алаңының он алты пайызы. Осылай бола тұра, облыс жалпы республика бойынша пайдаланылған ағын судың 43% немесе төрт текше шақырым суды пайдаланады. Жалпы облыс бойынша ағын суға қатысты өте күрделі жағдай байқалды. Сонымен қатар, күріш егістігінің ауданы 90 мың гектарды құраған. Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына сәйкес, егіс алаңы 75 мың гектардан аспауы тиіс.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға қарай суармалы жер көлемін 2,2 млн гектарға дейін жеткізу міндетін қойғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін үш миллион гектарға дейін жеткізуді тапсырды. Біздің есептеулерімізге сәйкес, су тұтынудың ағымдағы үрдісі 1,5 млн гектарға (13,3 км3) сақталса, болжамды тапшылық 2030 жылға қарай 11,7 текше шақырымды құрауы мүмкін. Осыған байланысты, қазірдің өзінде суды пайдалануды қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыру қажет», - деді министр.
Су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш егісін 29 мың гектарға, атап айтқанда Қызылорда (15 мың га), Алматы (10 мың га) және Түркістан (4 мың га) облыстарында азайту қажет. Бұл бір текше шақырым суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Екіншіден, кемінде 750 мың гектар алаңда суарудың су үнемдеуші технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Бұл орташа алғанда 30%-ға дейін немесе 2,2 текше шақырым суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, ұзындығы 6 мың шақырым суару желілерін қайта жаңарту және 119 негізгі магистралдық каналдарда цифрландыруды жаппай енгізу есебінен жылына 2 текше шақырым су үнемделеді. Осы қажеттіліктерге алдағы бес жылда республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы ұйымдарынан 192 млрд теңге жұмсалатын болады», - деді Мырзағалиев.
Төртіншіден, 10 жыл ішінде 3,6 текше шақырым көлемінде су жинақтау үшін 39 жаңа су қоймасы салынады. Ол 70 елді мекен және 137 мың адам үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
«394 мың гектар жаңа суармалы жер су көзімен қамтамасыз етіледі. Бұл ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы жүргізілуде. 28 су қоймасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме және үш су қоймасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», - деді ведомство басшысы.
Жоғарыда аталған іс-шараларды сәтті іске асырған жағдайда 8,8 текше шақырым суды қосымша шоғырландыруға мүмкіндік пайда болады. Ағымдағы лимиті он бес текше шақырым болатын пайдаланылатын суды ескерсек, қорытынды баланс 23,8 текше шақырымға тең болады.
Су ресурстарын басқару
Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстанда су тұтынудың 65 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі екенін жеткізді.
«Агроөнеркәсіптік секторды сапалы әрі кепілдендірілген су көлемімен қамтамасыз ету еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Елдегі жер бетіндегі судың жартысына жуығы (44,9 км³) көршілес елдер аумағынан келеді. Трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері үкіметаралық келісімдер аясында реттелген. Биылғы желтоқсан айында Жайық және Ертіс өзендері экожүйелерін сақтау және қалпына келтіру жөнінде Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламалары қабылданды. Бағдарламаларда су алмасуды жақсарту үшін су жіберу құрылыстарын реконструкциялау шаралары да көзделген», - деді А. Мамин.
Оның айтуынша, суды тиімді пайдаланудың маңызды мәселелері қарастырылды.
«Су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді. Құжат су инфрақұрылымын салуды, жаңғыртуды және жетілдіруді, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, суды есепке алу мен бөлуді цифрландыруды көздейді. Аталған іс-шараларды өткізу су шығынын азайтуға мүмкіндік береді», - деді Премьер-Министр.
Осы орайда Үкімет басшысы өзен суларын үнемді пайдалануға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Әкімдер гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жұмыстарын қамтамасыз етуі тиіс. Магистральдық арналарға қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын енгізуді және суды есепке алуды цифрландыруды қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, Түркістан облысында іске асырылған магистральдық арнаны цифрландыру бойынша қанатқақты жобаны су шаруашылығының барлық негізгі нысандарына тарату керек болады.
Сумен қамтамасыз етілудің төмендеп бара жатқанын ескеріп, су алудың қолданыстағы лимиті аясында су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету керек.
«Сонымен қатар, Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында ылғалды көп қажет ететін дақыл – күріш, жоспардан артық егілген. Бұған жұмсалған елеулі су көлемін экономикалық тұрғыдан тиімдірек дақылдарды – көкөністер, жеміс-жидектер, рапс, соя өсіруге жұмсауға болар еді. Сондықтан әкімдіктер бекітілген егіс жоспарын қатаң ұстануы тиіс», - деді Премьер-Министр.
Ауыл шаруашылығы, Экология, Сауда министрліктері ішкі қажеттіліктер мен егіс алаңының құрылымын әртараптандыру бойынша міндеттерді ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар егісін ауыстыру мәселесін әкімдермен пысықтайды. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасына енгізілуі керек.
Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес алдағы 20-30 жылда Орталық Азия елдерінде су тапшылығы өседі. Сондықтан су ресурстарын барлық мемлекеттердің мүдделерін ескеріп, тиімді пайдалану мәселесінің маңызы артып отыр.
«Осыған орай Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, көрші мемлекеттердің салалық ведомстволарымен шекарааралық өзендерді өзара тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырамын. Экология және Ауыл шаруашылығы министрліктері әкімдіктермен бірге су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау, сонымен қатар су үнемдеу технологиялары мен суды есепке алудың цифрлық жүйелерін енгізу бойынша жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастырсын», - деді Асқар Мамин.