«Қазір екі негізгі бағыт айқындалған Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеп жатырмыз. Біріншісі - суды басқару жүйесін жетілдіру, екіншісі – тұрақты даму үшін суға деген сұранысты басқару», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, тұжырымдаманың негізгі мақсаты - елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, экономика салалары мен қоршаған орта қажеттіліктерінің теңгерімін қамтамасыз ету проблемаларын шешу.
«Тұжырымдамаға сондай-ақ Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауының қорытындысы бойынша біз әзірлейтін Су саласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспары енгізілетін болады. Ол бірінші кезекте іске асыруды талап ететін іс-шараларды қамтиды. Кешенді жоспардың жобасы жақын арада Су кеңесінің отырысында қаралатын болады», - деді Серікқали Брекешев.
Фото: grander.com