Су шаруашылығы саласында мықты мамандар жетіспейді — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада су шаруашылығы қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімінде салада мықты мамандар жетіспейтінін айтты.
— Қазір осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар қала мен ауылды, өндірістер мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде. Дегенмен, бізге мықты мамандар әлі де жетіспейді. Сол себепті былтыр Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация министрлігі құрылды. Осы мамандыққа бөлінетін грант саны 2 есеге артты. 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтаған соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істей алады, — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент 120 қызметкер Қытайда тәжірибе алмасып, қосымша білім алып жатқанын айтты.
— Су шаруашылығы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілуде. Былтыр олардың жалақысы 25 пайызға өсті. Бір сөзбен айтсақ, жүйелі істеліп жатыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, Қазақстан үшін су — ұлттық қауіпсіздік мәселесі.