Су шаруашылығы саласына қажетті мамандар қазір сұраныстан 2 есе аз дайындалуда

АЛМАТЫ. 15 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанға жыл сайын су шаруашылығы саласында оқу орындарында 400 маман дайындауымыз қажет. Бұл туралы ҚР Су шаруашылықтары қауымдастығының төрағасы Нұрлан Атшабаров ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Еліміздегі өзен суларының тең жартысы көршілес шетелдерде құралады. Өкінішке орай, олардың суын тиімді пайдалану мәселесі әлі өз шешімін таппай келеді. Бұған онда су реттегіш жабдықтардың болмауы түрткі болуда. Біз қазір өз аумағымыздағы өзендерді қажетті құрал-жабдықпен жарақтай алмағандықтан, өзге елдерге еш талап қоя алмай отырмыз», - дейді Н. Атшабаров. Оның айтуынша, еліміздегі трансшекаралық өзендерде алғашқы су торабы өткен ғасырдың 50-60-жылдары Шу өзенінде қазақ-қырғыз шекарасында салынған. Одан кейін араға 60 жыл салып, мұндай су реттегіш торап жақында Қорғас өзенінде қазақ-қытай шекарасында ашылды. Алдағы уақытта бұл тәжірибені барлық трансшекаралық өзендерде жүзеге асыру керек. Өйткені Қазақстан қазір 2,3 млн. гектар болатын суармалы жерінің тек 1,5 млн. гектарын ғана игеріп отыр. Қазіргі таңда суға қатысты мәселенің бәрі оның реттелмеуінен туындап отыр. Суды үнемдеу үшін алдымен оны өлшеу, реттеу қондырғыларын орнату керек. Содан кейін тиімді пайдалану туралы сөз қозғауға болады. Ал оны білікті мамандарсыз жүзеге асыру мүмкін емес.