Су шайып кеткен Сарыөзек -Үштөбе теміржол учаскісінде қаза тапқан екі жұмысшының өліміне қатысты қылмыстық із қозғалды

АСТАНА. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат - Осыдан төрт күн бұрын Сарыөзек -Үштөбе учаскесінде (Айнабұлақ-Тауарасы өткелі) толассыз жауған жаңбыр мен еріген қардың суымен шайылып кеткен теміржол бойларында байланыс желілерін жөндеу барысында мерт болған екі жұмысшының өлімі бойынша прокуратура қылмыстық із қозғады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін хабарланғандай, наурыздың 11-і күні Сарыөзек -Үштөбе учаскесіндегі болат жолдардың топырағын су шайып кетуіне байланысты бұл бағыттағы қозғалыстар шектелді. Қазіргі уақытта Айнабұлақ жол дистанциясының жұмысшылары төтенше жағдайдың зардаптарын жоюмен айналысуда.

Сондай-ақ осы күні еріген қардың мол суымен «Тауарасы-Майтөбе» бөлігінде (1465-ші шақырым) магистралді байланыс желісінің үзілуі болды. Желіні қалпына келтіруге Алматы жол дистанциясының бес қызметкері жіберілді. Алайда, наурыздың 12-сі күні сағат 01.45-те аталмыш бөлікте сел жүріп, бес жұмысшының екеуі топырақ үйіндісінің астында қалып қойған. Олардың бірінің мәйіті сол күні Быжы өзенінің жағасында табылды. Жоғалған екінші адамның денесін іздеп-табу жедел топтың көмегінің нәтижесінде мүмкін болды.

«Наурыздың 12-сі күні аталмыш факті бойынша Талдықорған қаласының көлік прокуроры ҚР Қылмыстық кодексінің 152-ші бабы, 2-ші бөлігіне сәйкес (еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу) қылмыстық іс қозғады. Істің мән-жайын анықтау Үштөбе стансысындағы Желілік ішкі істер бөліміне тапсырылды. Ал қылмыстық ізге түсу органына шұғыл тергеу амалдарын жүзеге асыру туралы тапсырма берілді», - деп атап өтті баспасөз қызметінен.