«Педагогтерді қолдау мақсатында Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының мұғалімдерін аттестаттаудан өткізу мерзімін кейінге қалдыру жөнінде шешім қабылданды. Еліміздің 42 мектебінде Білім алушылардың жетістіктерін бағалау мониторингі жүргізілмейтін болды. Ақтөбе және Атырау облыстарының барлық білім алушылары үшін БЖБ мен ТЖБ өткізілмейді», — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Ресми өкілдің атап өтуінше, әрбір жағдай бойынша шешім жергілікті атқарушы органдармен Оқу-ағарту министрлігінің хаттамасы негізінде қабылданады.
«Жаңа оқу жылында барлық педагог пен мектептердің оқу процесіне дайын болуы үшін министрлік төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін уәкілетті органдармен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен педагогтердің тізімін жасайды», — деді Мереке Амангелдіқызы.