Су тасқыны: 5 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Атаулы әлеуметтік көмек су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға автоматты түрде тағайындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаев мәлім етті.

Фото: gov.kz

«Су басқан өңірлерде 15 мыңнан астам тұрғынға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оның ішінде төтенше жағдай жарияланған өңірлерде 5 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Олар мемлекеттік органдарға жүгінген жоқ, көмек автоматты түрде тағайындалды. Сонымен қатар 2 мыңнан астам мүгедек жанның қайта куәландыру мерзімі кейінге шегерілді, жалпы бұл шара шамамен 4 мың мүгедек жанды қамтиды, оның ішінде балалар да бар», - деді Мадияр Уақпаев «Хабар» телеарнасының эфирінде «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафонына қатыса отырып. 

Бүгін елімізде «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафоны өтіп жатыр