Оның айтуынша, 9 343 адам үйлеріне қайта оралды. Уақытша орналасу пунктеріне 6 566 адам, оның ішінде 3 194 бала орналасқан.
«Бүгінгі таңда авариялық-құтқару жұмыстарында 38 595 адам, 3 879 техника, 17 әуе кемесі жұмылдырылды.Жалпы 9 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 1,6 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді», -деді Е. Сайпаш республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.
Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 544 жеке тұрғын үй, 567 аула аумағы және 1 778 саяжай үйлері су астында қалып отыр.
Ал 3 071 тұрғын үй мен 1 931 аула аумағынан су бұрылды.
«Қардың тез еруі және Жабай, Боқсық, Жолболды, Қалқұтан, Есіл, Торғай өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ақмола облысының Атбасар, Бұланды, Астрахан, Жақсы аудандарының 12 елді мекенінде, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының 6 елді мекенінде, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында 673 адам алдын ала эвакуацияланды», - деді Е. Сайпаш.
Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 35 ТЖ жарияланған.
«ТЖМ азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пункттерінен тиісті рұқсатсыз кетпеуге шақырады», - деді спикер.