Су тасқыны: Ақтөбе облысында 47 шақырым жол жөнделуі тиіс

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Тасқыны кезінде Ақтөбе облысында 47 шақырым жолды су шайып, бұзылды. Қазір облыстық, аудандық маңызы бар жолдар жөнделіп жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Ақтөбе облысында су шайған жолдар арасында облыстық маңызы бар «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық», «Покровка-Темір-Кеңкияқ-Ембі» және «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Сол-Илецк» бағытындағы жолдар бар. Бұл туралы Kazinform тілшісінің сауалына Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.

«14 мыңнан астам халықты қамтитын Ойыл ауданының Ойыл, Қаратал, Көптоғай, Амангелді, Қайыңды, Қараой, Қобданың Қанай, Байтақ, Көк үй, Өтек, Жарық, Сарыбұлақ, Бестау, Әйтеке би ауданының Әйке ауылы, Мұғалжардың Темір көпір ауылы, Темірдің Тасқопа, Жамбыл ауылдарына кіреберісте асфальт жабындысы, көпірлер зақымданды. Бұл учаскелерді жобалаушы компаниялар Қазақстан жол ғылыми зерттеу орталығы мамандарымен бірлесіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 47,2 шақырым жол жабындысы, 23 көпір және 100 су өткізгіш құбырды қалпына келтіру және нығайту жұмыстарының ауқымы анықталды. Қалпына келтіру үшін жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалды. Бұл жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

«Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» бағытын жөндеу үшін шамамен 1,8 млрд теңге жұмсалады. Бұл жолда 4 жоба іске асырылады. Ал «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Сол-Илецк» бағытына 3 млрд теңге қарастырылған. Қаржының тең жартысы мердігерге аударылды.

«Әйтеке би ауданына 250,2 млн, Ырғыз ауданына 1,7 млрд, Қобда ауданындағы 9 жобаға 1,8 млрд теңге жұмсалады. Ең көбі Ойыл ауданында. Мұнда 11 жобаға 6 млрд теңгеден астам қарды бөлінді», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

Еске салсақ, Ойыл ауданындағы көпірді жөндеуге 4 млрд теңге жұмсалады.