Су тасқыны: Ақтөбеде 500-ге жуық үйдің құрылысы жүріп жатыр

Фото: Фото: primeminister.kz

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында көктемгі су тасқыны кезінде жарамыз болып қалған 652 үй қайта салынады. Қазір 494 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ал 309 отбасы дайын үй сатып алуды жөн санады. Қазір тек Ырғыз ауданында үйлер суда тұр. 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі су тасқыны мен тасқыннан кейінгі жұмыстар туралы кейінгі ақпаратпен бөлісті. Су тасқыны кезінде барлығы 4 084 үй бүлінген. Соның 1 457-і жер үй болса, қалғаны саяжай аумағындағы баспана. Қазір су тасқыны аяқталған аудандар мен қалада техникалық тексеру аяқталды. Нәтижесінде 652 үйді жаңадан салу, 309-ын сатып алуға келісім берілді. Жаңадан салынып жатқан үйлердің бәрі бір типті, ауданы 80 шаршы метрді құрайды. Ал 3 123 үй жөнделеді. 

– Су тасқыны салдарын жою жұмыстарына жергілікті бюджеттен 7,8 млрд теңге қарастырылды. Тұрғын үй мәселесімен қатар 136 шақырым жол, 15 көпір мен 23 әлеуметтік нысанды жөндеу қажет. Сондықтан тек бюджет емес, ірі компаниялар мен қоғамдық қорлар қолдау көрсетіп, тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Олар: «Болат Өтемұратов қоры», «Қазақстан халқына» қоры, «BI Group» және «ERG» қоры. Болат Өтемұратов қорының демеушілігі арқылы Әйтеке би, Ойыл, Қобда, Темір және Мұғалжар аудандарында 64 үй сатып алынды. Сонымен бірге осы қор Алға, Мәртөк, Байғанин аудандарында тағы 11 үйді сатып алып береді. Бұл аудандарда төтенше жағдай жарияланбады, бірақ тасқын кезінде бірер үй жарамсыз болып қалды. BI Group компаниясы облысқа 2, «Қазақстан халқына» қоры 1,5 млрд теңге бөлді. Бұл қаржы үй құрылыстарына бағытталды, - деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Ақтөбенің 5 ауданында үй салу жұмыстары жүріп жатыр. Барлығы 494 үйдің құрылысына 40 мердігер компания жұмылдырылған. Сонымен бірге 420 үйде жөндеу басталды. Жұмысты толық жүйелеп қойған Әйтеке би ауданында барлығы 115 үй бүлінген. 

– Техникалық тексеруден соң 64 үй жөндеуге жарамды деп танылды. Оларға өтемақы төленіп жатыр. Ал 51 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Сол үйдің ішінде 25 отбасы дайын үй сатып алуға шешім қабылдады. Қазіргі кезде 23 үй алынды. Қалған екі тұрғын осы аптада қоныстанады. Ал қалған 26 үйдің иесі үйдің салынуын күтеді. Қазіргі кезде құрылыс жүріп жатыр. Құрылыс компанияларымен арадағы келісім бойынша 1-тамызға дейін барлық үй қолданысқа беріледі. Ауданда су тасқынынан зардап шеккендердің бәрі 100 АЕК көлемінде біржолғы төлемді алды. Сонымен бірге жеке тұлғалар мал шығынын өтеу туралы өтініш жазды. Оларға 1,4 млн теңге төленді. Заңды тұлғалардың шығынын өтеу ережесі енді шықты. Шамамен шығын 10 млн теңге болады деп отырмыз, - деді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев. 

Ал, Ырғыз ауданында су тасқынына қарсы күрес жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Мұнда Құйлыс пен Жайсаңбай ауылдарында жергілікті тұрғындар мен әскерилер, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері бөгетті бекіту жұмысын жалғастырып жатыр. 

– Қазір Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарындағы су деңгейі 20 күннен бері бір деңгейде тұр. Құйлыста аздап төмендеу тіркелді. Санаулы ғана см болған соң бірқалыпты деп айтуға болады. Құйлыста 11 техника, 65 әскери қызметкер және жергілікті тұрғындар жұмыс істеп жатыр. Қап, жанар-жағармай, көлікті жалға алу шығынын өтеу үшін қаржы бюджеттен бөлініп жатыр. Техниканы жалға алу мерзімі жағдайға қарай әрі қарай созылуы мүмкін. Ал Жайсаңбайда 6 техника, 15 әскери қызметкер мен жергілікті адамдар жұмыс істеп жатыр. Құйлыста тек ер адамдар жүр. Біз осы аптада балалар мен әйелдерді үйіне қайтарғымыз келеді. Ал ауданға қарасты Мамыр мен Белшер ауылдарының тұрғындары үйлеріне оралып жатыр, - деді Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов.

Оның айтуынша, ең көп зардап шеккен Нұра ауылындағы үйлердің басым бөлігі әлі де суда тұр. Онда бұған дейін су деңгейі 3 метрге болса, қазір шамамен 80-90 см төмен түскен. 

– Техникалық тексеру комиссиясы енді келеді. Қазіргі кезде шамамен Мамырда 15, Белшерде 4, Нұрада 68 үй құлаған. Су тасқынынан зардап шеккендерге 100 АЕК көлеміндегі біржолғы төлем беріліп жатыр. Бүгінде 70 млн теңгедей қаржы аударылды, - деді Нұрлан Қызбергенов. Ырғыз ауданы бойынша Нұра ауылы түгел көшіріліп, Сарыоба жерінде құрылыс жүреді. 

Айта кетейік, облыс бойында барлығы 2904 адамға 100 АЕК көлемінде біржолға төлем аударылды. Бұл дегенеміз 939,2 млн теңге. Сонымен бірге су тасқыны кезінде жұмысы тоқтаған шағын және орта бизнес субьектісінің шығыны 3 миллиард теңгеге жуықтайды.