Су тасқыны: Ақтөбелік шаруалардың мүлік шығыны енді өтеледі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 57 кәсіпкердің шығыны өтелді. Тағы 10-ға жуығының өтініші қанағаттандырылды. Сонымен бірге шаруалардың жылжымайтын мүлік шығыны өтеледі.
Тасқын кезінде көбіне өзен жағасындағы демалыс орны, мейрамхана, шағын цехтар суға кетті. Ал аудан, ауылдарда дүкендер жарамсыз болып қалды. Қазіргі кезде шығынның басым бөлігі өтелді.
- Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге Ұлттық экономика министрлігі ереже бекітті. Маусым айында оған қажетті өзгерістер енгізілді. Қағидаларға сәйкес өңірлік комиссия жұмыс істеді. Ереже бойынша құжат 10 желтоқсанға дейін қабылданады. Тасқыннан соң 67 кәсіпкерлік субьектісі өңірлік комиссияға жүгінді. Олардың арызы бойынша 724 млн 200 мың теңге қарастырылды. 57 субьекті қаржыны алды. Қалғанын қазан айында аударамыз,- деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.
Қазіргі кезде агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлердің шығынын өтеу жолы бекітілді. Бұған дейін мал шығыны қайтарылса, енді жылжымайтын мүлік шығыны өтеледі.
- Аудан әкімдеріне бағалаушы мекемелердің ақпараты берілді. Шаруа қожалықтарынан тек жылжымайтын мүлік бойынша өтінім қабылданады. Аудан әкімдігі зардап шеккені туралы құжат береді, мүлік туралы құжаты және талдау қорытындысы негізінде комиссия отырысы өткізіледі,- деді Алмас Салықбаев.
Айтып өтейік, өңірде кәсіпкерлердің ең аз шығыны 552 мың теңге, ең көбі 72 млн теңге. Зардап шеккендер Ақтөбе қаласы мен Ойыл, Ырғыз аудандарында көп тіркелді.
Еске салсақ, Ақтөбе облысы бойынша қыркүйек айында 44 кәсіпкердің шығыны өтелді.