Су тасқыны: Ақтөбенің Қобда ауданында жаңа үйлердің қазығы қағылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Қобда ауданында 100-ден астам үй салынады. Бүгін жаңа үйлердің қазығы қағылды.
Қобда ауданында жаңа үй салу үшін жер учаскелері белгіленді. Аудан орталығына құрылыс компанияларының өкілдері барып, аумақты қарады. Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, Қобда ауылында 102, Жарық ауылында 27 үй жарамсыз күйге түскен.
— Қазіргі таңда Қобда ауылындағы суға кеткен үйлерді 15 мердігер ұйымға бөліп бердік. Олар өз қаражатына құрылыс жұмыстарын бастайды. Екі айдың ішінде барлық құрылысы жұмыстары аяқталуы керек. Жобаларға келсек, мұнда 80 және 100 шаршы метрлік үйлер салынады. Қобда ауданы әкімдігі тұрғындармен кездесуде өзара келісім бойынша алдағы уақытта үйлерді бөліп береді. Қазір зауыттармен келісім жасалып, кірпіш, блок тастар жеткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», — дейді Ержан Мұздыбаев.
Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев аудан орталығындағы су басқан үйлердің техникалық жағдайын тексеру жалғасып жатқанын айтты.
— Бүгінде Қобда ауылының тұрғындарынан 284 өтініш келіп түсті. Техникалық тексеру барысында 102 үй қалпына келтірілмейтіні анықталды, яғни, сонша үй салу керек. Су басқан тұрғын үйді техникалық тексеру жалғасып жатқандықтан, бұл сан алдағы уақытта көбеюі мүмкін», — деп атап өтті аудан әкімі.
Жаңа үйлер сондай-ақ, Ойыл, Әйтеке би, Темір және Ырғыз аудандарында да салынады. Бұған дейін Ойыл ауданында үй салуға 200-ден аса жер учаскесі берілді.