Су тасқыны: Ақтөбенің Ойыл ауданында 21 үй қолданысқа берілді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ойыл ауданының 21 тұрғыны жаңа үйге қоныстанды. Көктемгі су тасқынынан кейін ауданда барлығы 172 үй салуға шешім қабылданған.
Ойыл ауданындағы құрылыс жұмыстарына ERG компаниялар тобы қаржы бөлді. Қаржы «Қамқор Ақтөбе-2024» қоры арқылы аударылды. Аудан бойынша барлығы 172 үйді жаңадан салынып жатыр. Ол Ойылмен қатар Қаратал, Ақкемер, Кемер, Ақжар және Бестамақ ауылдарында орналасқан. Бүгін Ойылдан Екпетал және Қаратал ауылдарынң тұрғындары үй алды.
«Ойыл ауданы орталығына жақын орналасқан Екпетал ауылының тұрғынымын. Көктемде су бас қаупі төнген кезде бізді орталыққа әкелді. Содан әулетіміздің бірнеше отбасына ыңғайлы болсын деп пәтер жалдап тұрған жайымыз бар. Әрине, өсіп-өнген ауылымызды, үйімізді қимаймыз. Қазір де көңілім босап тұр. Үйіміз болмай, үйіндіге айналғанда қиналғанымыз рас. Тіпті бір ауылдың тумасы болып, ортақ чатымызды да жаппай, хабарласып отырамыз. Бізге өз ауылымыз ыстық. Дегенмен жаңа ортаға үйреніп жатырмыз», - деді Ойыл ауданының тұрғыны Ғалия Қарабалина.
Жаңа үйлердің кілтін табыстауға жергілікті әкімдікпен қатар демеушілер де қатысты. Тұрғындарға түрлі тұрмыстық техника сыйға берілді.
«Су тасқыны кезінде жергілікті кәсіпкерлермен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен көмек келді. Құрылыс жүргізген, демеушілік еткен бар қолдаушыға алғыс айтамыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық жұмыс мерзімінде орындалып жатыр. Тұрғын үйлер құрылысында жерлестеріміздің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сапаға ерекше назар аударылғанын атап өткім келеді», - деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Кемер ауылында 2 тұрғын жаңа баспанаға қоныс аударды. Жалпы Ойыл ауданында 328 үйге су кіріп, оның 307-сі апатты деп танылды. Ауданда барлығы 176 үй салуға шешім қабылданған.