Су тасқыны: Ақтөбенің тағы бір ауданында үй салу жұмыстары басталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Темір ауданы Құмсай ауылында тұрғын үй құрылысы басталды. Аудан бойынша барлығы 22 үй жаңадан салынады.
Темір ауданы Құмсай ауылында Темір өзені арнасынан асып, мұндағы 44 үйге зақым келді. Қазіргі кезде тұрғындардың келісімімен 22 үй жаңадан салынып, 16 отбасы дайын үй сатып алуға шешім қабылдады. Тағы 6 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі, бұл отбасыларға тиісті қаржы бөлінген.
- Тұрғын үйлер мемлекет бекіткен бірпәтерлі типтік жобамен бой көтереді. Аумағы - 80 шаршы метр. Қазіргі таңда «Taf Company» және «МұғалжарСтрой» ЖШС-нің құрылысшылары ауылда үйдің іргетасын қалаудан бастады. Құрылыс жұмыстарына тұрғындар да көмек қолын созуға ниет білдіріп отыр,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Қобда, Әйтеке би, Ойыл, Мұғалжар аудандарында құрылыс басталды.
Оған 36 құрылыс компаниясының жұмысшы бригадалары жұмылдырылған. Бүгінгі күні 97 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ал су деңгейі түспеген Ырғыз ауданында жер учаскелерін зерделеу жұмысы жүргізілуде.
Жалпы облыста 650-ден астам отбасы жаңа қонысқа көшеді.