Су тасқыны: Әскери қызметшілер өңірлерге аттанып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қарулы күштердің әскери қызметшілер өңірлердегі су тасқынымен күреске аттанып жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин айтты.

Фото: Атырау гарнизонының баспасөз қызметі

«Қарулы күштердің жеке құрамы су тасқынына қарсы жұмыстарды ары қарай жалғастыруда. Өткен тәулікте су тасқынына қарсы шараларға Қарулы күштердің жеке құрамынан 2 мыңға тарта әскери қызметші, 83 әскери техника, 3 тікұшақ және 4 әскери-көлік ұшағы жұмылдырылды. Армия авиациясымен Төтенше жағдайлар министрлігінің 17 маманы, 74 ауыл тұрғыны көшірілді. Олардың 47-сі - бала. Әскери-көлік ұшағымен 303 адам, 5 тоннадан астам жүк тасымалданды және жеке құрамның көмегімен 32 мыңға жуық құм салынған қап төселді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның атап өтуінше, ауылдар және тұрғын үй алаптарын су басу қаупіне байланысты республикалық жедел штабтың шешімімен Қорғаныс министрлігінен қосымша күштер мен құралдар бөлінді.

«Атап айтқанда, Орал қаласына Қызылордадан 200 әскери қызметші, 21 әскери техника бөлінді. Атырау облысына Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімінен 1 мыңнан аса әскери қызметші, 61 техника бөлініп отыр. Петропавлға Қарағанды қаласынан Астана өңірлік қолбасшылығынан 300-ден аса әскери қызметші, 16 техника және Орал қаласына әскери-көлік ұшақтарымен десанттық-шабылдау әскерлерінің Талдықорғаннан 200, Алматыдан 103 әскери қызметшісі жеткізілді», - деді Руслан Жангулин.