Су тасқыны: Атбасар қаласына Сандықтау ауданы жақтан қауіп бар

АСТАНА. KAZINFORM – Атбасар қаласына Сандықтау ауданы жақтан мол судың келу қаупі бар. Бұл туралы Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов айтты.

Фото: Kazinform

«Атбасар ауданында су тасқыны өте күрделі режимде өтіп жатыр. Жабай өзені бойында жекелеген су басу деректері бар. 172 тұрғын үй, 45 аула және №1 мектеп ауласы судың астында қалды. Еріген судың мол келуі мен тоқырақтың тоң болуы өзен деңгейінің көтеріліп, қорғаныс бөгеттен асып-төгілуіне алып келді. Су тасқыны тәуекелдерін төмендету үшін қосымша қорғаныс бөгеттерін салу, бұрыннан барын нығайту, сонымен қатар еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілді. Қабылданған шаралар өзен деңгейін 5 метрге дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бірақ, қауіп әлі сақталып отыр. Сандықтау ауданы жақтан су келеді деп күтіп отырмыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның айтуынша, қауіпті аймақтардан тұрғындар көшірілді. Оларға барлық жағдай жасалып, үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. 800-ден астам мал қауіпсіз жерге шығарылған.

«Апатпен күреске Ақмола, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы гарнизонының құтқарушылары көмектесіп жатыр. Азаматтық қорғаныс академиясының офицерлері мен курсанттары да өз үлестерін қосуда. Атбасар қаласының жергілік ұйымдары мен кәсіпорындары да көмектесуде. Су тасқынына қарсы шараларға 136 адам, 45 техника және 30 мотопомпа жұмылдырылған. Әрбір учаскеге жауапты тұлға бекітілген. Олар тәулік бойы жүктелген міндеттерді орындайды. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді зерделеу және материалдық шығынды бағалау жөніндегі комиссия құрылды. Зардап шеккендерден өтінім қабылданып жатыр», - деді Аманбек Қалжанов.