«Шыңғыс Сайранұлы, егер ахуал күрт нашарлап кетсе, қандай шұғыл шаралар қабылдайсыздар? Жоспарларыңыз бар ма?», - деп сұрақ қойды ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Өз кезегінде Шыңғыс Әрінов қажетті жоспар әзірленгенін айтты.
«Көктем» оқу-жаттығу аясында бәрі тексерілді – 39 мың адам мен күш құралдар, 11 мыңға жуық техника, 400-ден астам жүзу құралы, 18 тікұшақ және 3 мыңнан аса мотопомпа дайын. Мұның бәрі тез жұмылдырылады.
Сондай-ақ менің тарапымнан өңірлердегі төтенше жағдайлар департамент басшыларына тиісті құзырет берілген. Олар тез арада ешқандай бюракратиясыз, келісімсіз шешім қабылдай алады. Министрлік тарапынан барлық координация іске асырылады», - деді Төтенше жағдайлар министрі.
Премьер-Министр кез келген жағдайға дайын болу керегін тапсырды.
Бұған дейін Шыңғыс Әрінов көктемде еліміздің 10 өңірінде су тасқыны қаупі болжанып отырғанын айтқан еді.