Су тасқыны: Батыс Қазақстан облысында 23 жол учаскесінде қозғалыс шектеліп отыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты ұзындығы 410 шақырым 23 жол учаскесінде қозғалыс шектеліп отыр.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Батыс Қазақстан филиалының инженері Дәурен Әміровтің мәлім еткеніндей, Сырым, Бөрлі, Теректі және Ақжайық ауданында облыстық маңызы бар 5 жол учаскесінің үстіне су шығып кеткені тіркелді.
Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар Сырым, Теректі, Қаратөбе және Шыңғырлау ауданында 57 жол учаскесін су шайған.
Аталған учаскелерде көліктің кептелісі жоқ. Қалпына келтіру жұмыстарына 121 адам (57 техника) жұмылдырылған.
«Су үстімен өткен облыстық маңызы бар Теректі-Ақсай жолының 79-шақырымында (Теректі ауданы) және Жымпиты-Қаратөбе жолының 102-шақырымында (Қаратөбе) көліктер үшін қозғалыс жабылған. Ал Жымпиты-Қаратөбе жолының 38-шақырымында (Сырым ауданы), Бөрлі-Ақсай-Жымпиты жолының 68-69-шақырымында (Бөрлі ауданы) қозғалыс бар», деді Д.Әміров.
Оның айтуынша, аудандық маңызы бар 22 жол учаскесін су шайып немесе үстіне шығып кетсе, күні бүгін соның 21-інде қозғалыс тоқтатылған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы тұсында Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрден асқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жайық өзенімен мол су келмекші: Батыс Қазақстанда дайындық қалай жүріп жатыр.
БҚО әкімінің орынбасары су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан өтініштер қабылданып жатқанын айтты.