Су тасқыны болған өңірлерге Астанадан тағы 20 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

АСТАНА. KAZINFORM – Бұған дейін Астанадан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 600 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілген болатын. Енді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, екі жүк көлік, 20 тонна гуманитарлық көмек жинады. Онда Қостанай облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге азық-түлік, киім-кешек және бірінші кезектегі қажет заттар бар, - деп жазды әкімдіктің ресми сайты.

Фото: gov.kz

«Эвакуациялық пункттердегі адамдарға күріш, ұн, қант, қарақұмық, шай, сондай-ақ күнбағыс майы сияқты азық-түлік қажет. Адамдар көп жиналатын жерлерде қоқыс жинауға көмектесетін қоқыс пакеттері қажет», - деді қалалық еріктілер штабы төрағасының орынбасары Эльвира Есмұханова.

Штаб еріктілері көмекке жылы киім, ауызсу, балалар тағамы, тұрмыстық тауарлар, балалар киімдері, көрпелер, төсек жапқыштар мен жастықтарды қабылдайды.  

Фото: gov.kz

Сонымен қатар 500-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптауға және жіберуге көмектеседі. Гуманитарлық көмек су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге жіберіледі.

Естеріңізге сала кетейік, елордада гуманитарлық көмекті қабылдайтын 9 пункт жұмыс істейді. Жиынға 30-ға жуық еріктілер ұйымы қатысады. Күн сайын 200-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптайды және жібереді.

Ниет білдірушілер жылы киім, азық-түлік, дәрі-дәрмек, қажетті заттарды әкеледі. Еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайды. Ниет білдірушілер жинау орындарына қажетті өнімдерді жинап, әкеле алады.

Бұған дейін Астанадан СҚО-ға қосымша 300 әскери қызметші жіберілгенін жазған болатынбыз.