Су тасқыны болған СҚО-ның Большая Малышка елді мекенінде сенбілік өтті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында 18 елді мекен су тасқынынан зардап шекті. Солардың бірі – Большая Малышка ауылы. Су кеткендіктен тұрғындар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер мен еріктілер мұнда да сенбілік ұйымдастырып жатыр.
СҚО әкімдігінің мәліметінше, бүгін Большая Малышка елді мекенінде кезекті сенбілік өтті. Ауылда 327 үйге су кіріп, зақымданған.
«Екінші рет осындай ауқымды аудандық сенбілік өткіземіз. Әлеуметтік қорғау басқармасының мамандарына рақмет. 19 үйді жөнге келтіруге 70 адам көмектеседі. Олар жалғызілікті адамдардың қираған жиһаздарын, тұрмыстық заттарын шығарады. Іс-шараға 15 техника шығардық. Білім беру ұйымдарының мамандары, аудандық әкімдіктердің қызметшілері, сондай-ақ өз еркімен келіп көмектесіп жатқандар бар. Сегіз көшеде асфальт жабындысы бүлінген, оны қалпына келтіру керек. Автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі басқармасы жолдарды жөндеуге смета жасауға көмектеседі. Сумен жабдықтау жүйесін де қалпына келтіреміз», - дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева.
Елді мекен тұрғыны Татьяна Петченконың үйіне өтер жолды қоқыс, ескі құрылыс материалдары жауып тастаған. Сенбілік барысында оның барлығы шығарылды. Зейнеткердің айтуынша, ол Большая Малышкада жарты ғасырдан астам тұрады, мұндай су тасқынын бұрын көрмеген екен.
«Менің қалада екі мүгедек қызым бар, олар көмектесе алмайды. Ауылды су басқан кезде қызымның үйінде тұрдым. Көмектесіп жатқандарына өте ризамын, бізде мейірімді жандар көп», - дейді Татьяна Петченко.
Сенбілікке бұл күні Большая Малышкада барлығы 200-ден астам адам шықты. Сондай-ақ, Петропавлдың су басқан шағын аудандарын да қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онда 11 жедел штаб орналасқан, олардың әрқайсысына бес механикаландырылған бригада бекітілген.
Мехбригадалар бүлінген мүлікті қалпына келтіреді, жөндеу жұмыстарын жүргізеді, көшелер мен аула аумақтарын қоқыстан тазартады.
Бұған дейін СҚО-да тасқын басталғалы 4,8 млн текше метр су сорғызылғанын жазған едік.