Су тасқыны: Қарулы күштердің әскери қызметшілері Оралға келді

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында аумақтық қорғаныс бригадасының жүзден аса әскери қызметшісі су басуға қарсы жұмыс жүргізу үшін Орал қаласына келді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде су тасқынына қарсы жүргізілген алдын алу шараларына қарамастан, қардың еруі мен нөсер жаңбыр салдарынан облыс орталығының бірқатар ауданын су басу қаупі туындап отыр. 

Фото: Қорғаныс министрлігі

Полковник Расул Зәкіровтың басшылығымен 99250 әскери бөлімінің әскерилері бір тәулік ішінде тұрғын үйлерді, әкімшілік ғимараттар мен жолдарды су басудан қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. 

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұл ретте 5 мыңнан астам құм салынған қап дайындалды, олар еріген суға бөгет болады. Бірнеше жүз метрлік кедергілер салынды, бұл су ағындарын алдын алуға көмектеседі. 

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бригаданың жеке құрамы ауысыммен жұмыс істеуде және шаруашылық объектілері мен азаматтардың мүлкіне залал келтірмеудің бар амалы қарастырылып жатыр. 

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысы Қоржын ауылында үйлер су астында қалғанын жазған болатынбыз.