Су тасқыны қаупі бар аудандарда 650 адам жұмыс істеп жатыр – Асхат Шахаров

Фото: Фото: Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбенің Темір, Әйтеке би, Мұғалжар және Байғанин аудандарында қауіпті сейілту, жол мен ауылды судан қорғау жұмысы жүріп жатыр. ҚР ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов Темір ауданындағы жедел штабты басқарды. Бүгін ауданға облыс әкімі Асхат Шахаров барды.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бүгін өңірдегі ахуалды журналистерге айтып берді. Қазіргі кезде Темір, Әйтеке би, Мұғалжар және Байғанин аудандарында су бөгеу, жолын жыру жұмыстары жүріп жатыр.

«Ақтөбе жағдай тұрақты. Бәрі тікелей өз бақылауымда. Қазіргі таңда қаупі бар төрт ауданның кейбір елді мекеніне су кірді. Онда барлығы 650 адам жұмыс істеп жатыр. Қосымша күш қажет болса, 3 мың адам дайын тұр. Темір ауданына барып, қараймын. Маңғыстаудан құтқару жасағын алу ҚР ТЖМ шешімі болды», - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Оның айтуынша, облыстағы су тасқынының алдын алу жұмыстарын толық аяқтау үшін 11 млрд теңге қажет. Былтыр құны 1,1 млрд теңгенің 17 жобасы қолға алынып, жұмыс атқарылды.

«Қазгидромет үш сағат сайын мәлімет беріп отырады. Соған байланысты біз жоспар құрамыз. Ал төрт ауылдағы жол қатынасына келер болсақ, су деңгейі түскенде жөнделеді. Оған қажетті материал мен техника бар. Шамамен 1 аптада қалпына келтіріледі», - деді Асхат Шахаров.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы Темір ауданында 5 үй мен 25 аулаға су кірді. Онда ҚР ТЖ вице-министрі Ерлан Нұрпейісов келді. Сонымен бірге Маңғыстаудан қосымша күш жіберілді.