Су тасқыны қаупі бар: Қазақстанның 3 облысы бақылауға алынды

Фото: Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігі ел өңірлеріндегі су тасқыны жағдайын баяндады. Қауіп сейілмеген учаскелерде су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Бұл іс-шараларға азаматтық қорғау қызметтері қатысады.

Ведомствоның хабарлауынша, 1 наурыздан бері 5,2 миллионнан астам текше метр су сорылды, 684 мың қапшық және 44 мың тонна инертті материалдар төселген. Сонымен бірге, 842 мыңнан астам метр арық тазартылған. Авариялық-құтқару жұмыстарына 288 адам, 121 техника, 33 мотопомпа және 6 жүзу құралы жіберілген.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы автокөлік жолдарының 2 учаскесінде тасыған су бақылауда тұр. Ақмола облысы Астрахан ауданының Ескі Қалқұтан ауылымен көлік қатынасы үзілді. Онда тұрғындар үшін өткел жасалып, ауылға кірер жолды қалпына келтіріліп жатыр. 

− Қазіргі уақытта үш өңір – Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бақылауға алынған. ШҚО-да су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта облыс аумағының 38%-ында қар бар. Ауа температурасының көтерілуіне байланысты, шағын өзендер суға толуы мүмкін. Су тасқыны қауіпті учаскелерде су деңгейі тұрақты түрде өлшенеді, - деп жазылған министрлік хабарламасында.

Солтүстік Қазақстан облысында өзендерге мониторинг жүргізіліп жатыр және жағдай тұрақты. Заречное кентінде қап төсеу және қорғаныс біліктерін нығайту бойынша су тасқынына қарсы шаралар қолға алынған.

Абай облысында өзендердегі гидрожағдай тұрақты, мұз толығымен еріді және мониторинг жалғасуда. Жазық аумақта қар еріп, өзендердегі сең жүрісі аяқталды, қар тек Тарбағатай тау жоталарында байқалады.

Бұған дейін Петропавлға су тасқынының үшінші толқыны келе жатқаны хабарланған еді.