Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдай болған жоқ - ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы көктемгі су тасқыны кезеңі елімізде апатсыз өтіп, бөгеттер мен су шаруашылығы нысандарында төтенше жағдай тіркелген жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов мәлімдеді.

Фото: ТЖМ

Оның айтуынша, суару маусымына дайындық пен көктемгі тасқын кезінде су ресурстарын тиімді реттеуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілген. Соның нәтижесінде елдегі су қоймалары жоспарланған деңгейге дейін толып, тасқын кезеңі штаттық режимде өткен.

Сонымен қатар еріген қар суының едәуір бөлігі су жиналатын алқаптар мен көл жүйелеріне экологиялық мақсатта жіберілді. Бұл бірнеше өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік берген.

– Мәселен, Тасөткел су қоймасынан Түркістан облысының Созақ ауданына 1 млрд текше метрден астам су жіберілді. Ал Ертіс бассейнінде 9 сәуір мен 5 мамыр аралығында жайылма шалғындарды суландыру үшін 6,4 млрд текше метр су бағытталды. Қазір Павлодар облысында Ертіс өзенінің жайылмасында су басқан аумақ көлемі 297 мың гектардан асып, жалпы аумақтың 88 пайызына жетті, – деді комитет төрағасы.

Бұдан бөлек, Балқаш көлін толықтыру жұмыстары жалғасып жатыр. Осы мақсатта 2025 жылғы қазаннан биылғы сәуірге дейін Қапшағай су қоймасынан 3,7 млрд текше метр су жіберілген. Соның нәтижесінде Балқаш көліндегі су деңгейі 29 сантиметрге көтерілді.

Айта кетейік, бұған дейін су үнемдеу мәселесінің өзектілігі және оны шешу жолдары туралы жазған едік.