Ақтөбе облысы бойынша бұған дейін 76 кәсіпкердің шығынын өтеу туралы айтылды.
Қазіргі кезде оның саны – 67.
– Біріншіден, су тасқыны кезінде жұмыс істеп тұрған кәсіп болуы тиіс. Кейбірі салық органдарында жеке кәсіпкер ретіндегі тіркеу құжатын тоқтатқан. Сондай екі кәсіпкер бар. Екіншіден, құжаты түгел емес. Ауылда дүкен бар, бірақ құжатта жерін ғана рәсімдеп, құрылысы көрсетілмеген. Бұл көбінде кездесетін мәселе, - деді Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.
Ақтөбе облысындағы 67 кәсіпкерлік субъектісінің 33-іне 380 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Қазіргі кезде олардың өтінішін аймақтық комиссия мақұлдады. Шілде айында 7 кәсіпкерге 120 млн теңге аударылды. Ал қалған 26 кәсіпкерлік субъектісінің шығынын есептеу үшін бағалау комиссиясы жұмыс істеп жатыр.
– Бізде қазір 4 кәсіпкер өтініш бермеді. Олар жыл соңына дейін уақыт бар деп жүр. Су тасқыны кезінде мүлкі бүлінгендер арасында дүкен, техникалық қызмет көрсету орталықтары, монша, цехтар бар. Барлық шығын үшін республикалық бюджеттен 733,5 млн теңге қарастырылды, - деді Алмас Салықбаев.