Су тасқыны: Маңғыстаудан Атырауға арнайы техникалар жөнелтілді
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысынан Атырау өңірінде су тасқынының алдын алуға көмек ретінде арнайы техникалар жіберілді.
Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Атырау қаласында су тасқынына дайындық жұмыстарын күшейту мақсатында Маңғыстау өңіріндегі бірнеше компания көмек ретінде ауыр техникаларды жіберді.
Оның ішінде «Альянс ЛТД» компаниясы мен «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Гатин» әрқайсысы 1 экскаватор, 1 жүк тиегіш, «ОңдасынСтрой» – 1 экскаватор, «Ақтау теңіз порты» – 2 жүк тиегіш, «АС-Құрылыс» мекемесі 1 автобусты аталған өңірге жөнелтті.
«Атыраулықтарға қолдау көрсету – бәріміздің азаматтық міндетіміз. Көліктерді басқаратын жұмысшыларымызға да зор жауапкершілік артылып отыр. Бастысы – қауіпсіздік талаптарын сақтап, қажетті көмек көрсетілетініне сенемін», - деді «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Марат Елеусінов.
Аталған арнайы техникалар су тасқынан зардап шеккен және әлі де қауіп төніп тұрған елді мекендерге бөгет салу және нығайту жұмыстарына жұмылдырылады.
Осыған дейін Жаңаөзен қаласынан арнайы техникалардан құралған көмек бригадасы Құлсарыға аттанған болатын. Сондай-ақ Құлсарыдан көшірілген тұрғындар Ақтауда 17 нысанға уақытша орналасты.