ОРАЛ. KAZINFORM — Су басу қаупі төнуіне байланысты Орал қаласындағы түзету мекемесінен жазасын өтеушілер көшірілді.
БҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты осындай шешім қабылданған.
«№ 27 түзету мекемесінде жазасын өтеушілер Қазақстанның басқа өңірлеріне эвакуацияланды. Атап айтқанда, Ақтөбе, Тараз, Шымкент және Қызылордаға көшірілді» деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар тұрғындар жазасын өтеушілердің колоннамен эвакуацияланғаны жөніндегі бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктеп, бөлісіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин су тасқыны кезінде бәріне дайын болуымыз керек екенін айтқан еді.
Сондай-ақ Жайық өзеніндегі су деңгейі Оралда бір тәулікте 13 сантиметрге көтерілді.
Орал қаласы әкімдігі қауіпті аумақ тұрғындарына көшуге дайын болу керектігін ескертті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).