Су тасқыны: Оралда полицейлер шатырдағы саяжай тұрғынын құтқарды

Фото: Фото: БҚО полиция департаменті

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында үйі суға кетіп, шатыр үстіне шыққан саяжай тұрғыны құтқарылды. 

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға «Вымпел» саяжай қоғамында болған. 

Қас-қағымда үйі суға кетіп, өзі әупірімдеп шатырға көтерілген тұрғын саяжай қоғамының төрағасына хабарласады. Төраға осы аумаққа жауапты Шаған полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің № 21 учаскелік полиция пунктінің аға учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Дидар Өтеповке хабар береді. 

«Д.Өтепов төтенше жағдай туралы басшылыққа айтып, өзі оқиға орнына аттанады. Полиция қызметкерлері қалалық төтенше жағдайлар басқармасына да дереу мәлімет жібереді. Тәртіп сақшылары әуелі ер адамды үйдің шатырынан түсіріп, сосын қайыққа отырғызып, жағалауға шығарды. Содан кейін Деркөл кентіндегі эвакуациялау пунктіне жеткізіп, қауіпсіз жерге орналастырды. Қала тұрғыны Шаған полиция бөлімінің қызметкерлеріне, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының құтқарушыларына алғысын жеткізіп, жұмыстарына сәттілік тіледі», - деп хабарлады ведомстводан. 

Анықталғанындай, ер адам екі күн бойы саяжайда болған. Кейін оның телефонының қуаты таусылып, жұбайы дабыл қаққан. Абырой болғанда, бәрі сәтті аяқталды. 

«Біздің күшіміз – бірлікте. Осындай уақытша қиындықтарға төтеп беру үшін жұдырықтай жұмылуымыз керек. Бұл – біздің халық алдындағы міндетіміз», - деді полиция капитаны Дидар Өтепов. 

Айта кетсек, батыс Қазақстан облысы бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға 700-ден астам полиция қызметкері 104 техникамен қатысып жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында зардап шеккен тұрғындардан өтініш қабылдау басталғанын хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 7 мыңдай адам эвакуацияланды.