Су тасқыны: Оралда сот қала әкімін комиссия шешімін қайта қарауға міндеттеді
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында тұратын екінші топ мүгедегінің тұрғын үйімен қоса саяжай учаскесі өткен жылғы тасқын кезінде су астында қалды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұл әйелдің отбасымен бірге тұратын жалғыз баспанасы болды.
Алайда Орал қаласы әкімдігінің материалдық зиянды (залалды) бағалау және өтеу жөніндегі комиссиясы талапкердің меншігінде өзге де баспанасы бар деп оған тұрғын үй беруден бас тартты.
Су тасқынынан зардап шеккен азаматша сотқа ісін жолдай отырып, комиссияның шешімін заңсыз деп тануды сұрады. Әйел үйінің тұруға жарамсыздығын атап өтті және дәлел ретінде оның апаттық жағдайы туралы техникалық қорытынды ұсынды.
БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты істі қараған кезде анықталғанындай, талапкердің атындағы жылжымайтын мүлік 2015 жылы сатып алынған және банкте кепілге қойылған. Несиені өтеу мүмкіндігі болмауына байланысты 2016 жылы пәтер басқа адамға келесі шарттармен сатылды: сатып алушы талапкерге 2,7 млн теңге көлемінде қолма-қол ақша берді, қалған соманы несиені толық өтегенге дейін банкке төлеп жүрді. Сөйтіп, банкке несиелік міндеттемелер бойынша төлемдерді сатып алушы жүргізді, бұл іс материалдарына қоса тіркелген кіріс кассалық ордерлерімен расталады.
Несиені толық өтегеннен кейін 2024 жылдың 16 шілдесінде сатып алушы мен талапкер арасында мүлікті сатып алу-сату шарты жасалды.
Осылайша, сот талапкерге тиесілі пәтер 2016 жылдан бастап басқа адамның пайдасына берілгенін анықтады. Мұндай жағдайда сот талапкердің 2024 жылғы шілдеде пәтерді сату жөніндегі іс-әрекеттері жаңа тұрғын үй алу мақсатында мүлікті қасақана иеліктен шығаруды куәландырмайды деген қорытындыға келді.
- Талапкердің тұрған үйінде газбен жылыту және электрмен жабдықтау құралдары болды, бұл онда жыл бойы тұрғанын көрсетеді. Екіншіден, техникалық қорытындыға сәйкес тұрғын үйдің негізгі құрылыс конструкциялары сын көтермейді, ғимарат апатты жағдайда және бұзылуға жатады. Осыған байланысты сот талапты қанағаттандырды, комиссияның шешімі заңсыз деп танылды және күші жойылды. Қала әкіміне талапкерге қатысты комиссияның шешімін қайта қарау тапсырылды. Шешім заңды күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сот шешімімен жер дауына нүкте қойылғанын жазған едік.