Су тасқыны: Оралдағы Деркөл кентінде 100-ден астам үйдің кілті берілді
ОРАЛ. KAZINFORM — ҚР Конституциясы күніне орай Орал қаласындағы Деркөл кентінде су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 103 тұрғын үйдің кілттері салтанатты түрде табыс етілді.
Аталмыш кенттің «Көкжиек» шағынауданында барлық үйлер үлгі жобада салынды. Үш бөлмелі үйлердің ауданы – 80 шаршы метрден.
Қала аумағында Деркөл кентінен бөлек Зачаганда және «Жұлдыз» шағынауданында барлығы 375 үй бой көтерді. Құрылысты 30-дан астам жергілікті мердігер мекеме жүргізді. Бұл үйлерді салуға «ERG» компаниясы демеушілік еткен.
Кілттерді салтанатты табыстау рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа қоныс иелерін құттықтады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Нарықтағы пәтерлерді сатып алумен қатар, осындай тұрғын үйлерді салып жатырмыз. Бұл ретте тасқыннан жапа шеккендерді баспанамен қамтуға демеушілік қолдау жасап жатқан еліміздегі ірі компанияларға алғыс білдіреміз. Бүгін, міне, Деркөл кентінен 103 үйді қолданысқа беріп жатырмыз. Жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы басталар тұста осындай қуанышқа кенеліп отырсыздар. Шаңырақтарыңыз құт-берекеге толсын!» - деді өңір басшысы.
Бұдан кейін «ERG көмек» корпоративтік қоры бас директорының орынбасары Данияр Рахматуллаев сөз алып, үй иелерінің қуанышына ортақтасты.
Орал қаласында күні бүгінге дейін су тасқынынан зардап шеккен 1 548 отбасыға үй берілді. 10 мыңға жуық отбасыға 3 миллиард теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілсе, 4 568 азаматтың мүліктік шығындары өтелді
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тасқыннан жапа шеккендерге арналған үйлердің қалай салынып жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда үйлері суға кеткен тағы 23 отбасы баспаналы болды.