Қоян жылы басталысымен 35 000-нан астам абонент жарықсыз қалды
Жыл басталысымен қарлы боран салдарынан бірнеше ауылда электр желілері үзіліп, істен шықты. Түркістан қалалық 109 бірыңғай байланыс орталығына электр жарығын қайта жағу мәселесімен 518 абонет хабарласқан. Сондай-ақ, Созақ, Отырар, Сауран аудандарында 35 000-нан астам абонент жарықсыз қалды.
Ал, қаңтар айында жауған қатты нөсер облыстық маңызы бар КХ-57, Созақ-Қаратау бағытында орналасқан көпірді бұзып кетті. Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан тоғайлы алқаптарды су алу қаупі туындады. Ауа райының күрт суытуына байланысты Сырдария өзеніне жоғарыдан 1000 м3 су түскен. Сол себепті өзен бойында мұз қатып, өзен жағасындағы өзектерге су жайылған және барлық магистралдық каналдар арқылы көлдерді су алды.
«Шардара» су қоймасының мерзімінен бұрын толуы да қауіп төндірді.
Көмірдің болмауынан жылыжайлардағы өнімдер үсіп кетті
Түркістан облысында 167 шаруаға тиеселі 36 гектар жылыжайдың конструкциясы қар салмағын көтере алмай, жарамсыз күйге түсті. Сондай-ақ, біршама жылыжай иелері көмірдің жоқтығынан жылыжайларын жылыта алмаған. Салдарынан пісіп үлгермеген өнімді қоқысқа тастауға мәжбүр болды.
Сол себепті Түркістан облысында көмір тасымалдауда кемшіліктерге жол берген басшылар сөгіс алды.
Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі қаралды
Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру бағытында зерделеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Алғашқы жиынын өткізіп, біршама мәселелерді сарапқа салды. Мәдениет және туризм басқармасы өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан басталған жұмыстар да баяндалды. Жұмыс тобы құрамына енген басқарма басшылары мен өкілдері, сәулетшілер де пікірлерін айтты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау, «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру» бойынша ұсыныстар жинақтау жөніндегі бастапқы қадамдар да сараланды.
Бәйдібек ауданында 36 ұсақ мал су астында қалды
Мол жауған жаңбыр мен қардың жылдам еруі салдарынан өңірдегі бес ауданда 20 елді мекенді су алды. 27 көше мен 234 үйдің ауласына су кірді. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД қызметкерлерімен 200-ден астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. 790 ұсақ мал құтқарылды.
«Шолаққорған – Шаян» жолында тасқын су нөпірі «Toyota Camry» көлігін жолдан шығарып жіберген. Көліктегі екі адам дер кезінде құтқарылды. Дәл осындай жағдай Арыс қаласында да болды. Мұнда су ортасында қалған «Нива» көлігінен 5 жолаушы қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Түркістан облысындағы су тасқынынан облыстық маңызы бар 10-нан астам автожол зақымдалды. Бәйдібек ауданында 36 ұсақ мал су астында қалды.
Кейбір аудандарын шіркей басты
Шіркейдің көптігі сонша, тұрғындар беттерін тұмшалап алуға мәжбүр болды. Әлеуметтік желіде жарияланған видео авторының айтуынша, шіркейлер жұмыртқа ашқан қырғауылдың балапандарын жеп қойған.
«Тіпті, қоян көжектері мен төлдеген сиырдың бұзауы және жылқылардың құлындары өліп кетіп жатыр», - деді автор.
Ал, аталған мәселеге ресми түрде жауап берген Отырар ауданының әкімдігі елді мекендерде жәндіктер мен өзге де зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинсекциялау жұмыстары жүргізіліліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ, шіркеймен күрес Арыс қаласының аумағында да жүрді. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, екі кезең бойынша іске асатын жұмыстар адам көп шоғырланатын аймақтардан басталған.
Еліміздегі ең үлкен жылыжай кешенінің іргетасы қаланды
Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешенінің капсуласын қою рәсімі өтті. 500 гектар аумақта орналасатын өнеркәсіптік жылыжайлар жобасы «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен жүзеге асыты.
Мұнда негізінен қызанақ пен қияр өсірілмек. Заманауи жылыжай кешені жылыту жүйесі мен салқындатуды, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталады.
Ұлттық құрылтай өтті
Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Түркістан қаласында ұйымдастырылды. Екі күн бойы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаған қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары, қоғамдық кеңестер мүшелері мен БАҚ басшылары және сарапшылар өзіндік ұсыныстарын жеткізді.
Алқалы жиынның алғашқы күнінде «Қоғамдық консолидация», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» жұмыс секциясына бөлінген сала мамандары ел ішіндегі мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын да ұсынды.
Жұмыс секциялары отырыстарының қорытындысы бойынша Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру жөніндегі іс-шаралардың арнайы жоспары әзірленетін болды.
Ал, екінші күні Түркістанға барған Мемлекет басшысы бүкіл түркі дүниесіне танымал ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің және осында жерленген тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады.
Содан соң, Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысына қатысты.
Қаңлы дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлер табылды
Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университетінің археологиялық жасағы «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкерлерімен бірлесе отырып, қаңлы дәуіріне тиесілі көне қорым орнын тапты. Ашық аспан астындағы нысан Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылы маңындағы орналасқан.
Қорымдағы дәліздің ұзындығы 8,5 метр болса, тереңдігі - 4 метр құрайды. Жерлеу камерасының тереңдігі - 5,2 метр. Мамандардың айтуынша, мұндай тереңдіктегі қорымдар бұрын-соңды бұл аймақта кездеспеген.
Сондай-ақ, археолог ғалымдар жүргізген қазба жұмыстарының барысында Сарыарық ауылы маңындағы үңгірден 2 мың жыл бұрынғы алтын сырға тауып алған. Бұл құнды әшекейдің жер астында жатқанына қанша жыл өтсе де сынын жоғалтпапты. Сондай-ақ, көне қорымнан 400 моншақтан тұратын алқа мен күміс сақина және кірпік бояуға арналған бұйымдар шыққан. Одан бөлек, қазба жұмыстарының барысында керамикалық заттар да табылды.
Бір әулеттің 11 адамы суға кетті: Марқұмдардың ең үлкені 40 жаста, ең кішісі 6-да болған
Суға батып кеткен тұрғындардың баршасы Көксарай ауылында тұратын бір әулеттің адамдары. Тіпті тектері де бірдей. Марқұмдардың ең үлкені 40 жаста болса, ең кішісінің жасы 6-да болған.
Оқиға Отырар ауданындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір маңында болды. Суға кеткендердің барлығы 4 ағайындының отбасы мүшелері, олар тыйым салынған жерге шомылуға барған.
Сондай-ақ, Түркістан облысында бір күн ішінде 4 бала суға кетіп, қайтыс болды. Оқиға Келес, Ордабасы, Төлеби, Жетісай ауданында тіркелді.
Сарыағашта 5 жасар қыздың өлімі елді дүрліктірді
Оқиға 13-шілде күні болды. Күдікті спирттік ішімдік ішкен мас халде өзінің үйіне келе жатып, ойнап жүрген 5 жастағы қызды ауласына алдап кіргізген. Содан, күш қолдану арқылы жас балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасаған. Одан әрі, аса ауыр қылмысын жасыру үшін қызды асхана пышағымен көкірегі мен іш-аумағынан бірнеше рет шаншылап-кескілеп өлтірген.
Сот үкімі Шымкент қаласы Сәуле ықшамауданында орналасқан ИЧ-69 мекемесінде оқылды.
48 жастағы сотталушы «Адам өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабы бойынша кінәлі деп танылып, қалған өмірін темір тордың ар жағында өткізетін болды. Сондай-ақ, оған кастрация жасалып, 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Түркістан облысында 4 ауданның әкімі сайланды
Түркістан облысындағы сайлау өткен 4 ауданда да үш кандидаттан бақ сынады.
Халықта сайлауға белсенді қатысты. Тіпті, кей сайлау учаскелерінде концерттік бағдарлама қойылып, жергілікті өнерпаздар әсем әндер орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ал, ұлттық киімде келген әжелер мен келіндер өзара сабақтастықтың үлгісін көрсетті.
Нәтижесінде Бәйдібек ауданында кәсіпкер азамат қарсыластарын жеңіп шықса, Шардара ауданында мәслихат төрағасы қызметін атқарған депутат жоғары ұпай жинады. Ал, Созақ, Мақтаарал аудандарында сайлаушылар бұрын әкім қызметін атқарып келген кандидатқа қолдау білдірді.
Түркістандық шаруалар экзотикалық жемістерді өсіруді қолға ала бастады
Еліміздегі мол көлемде банан өндіретін алғашқы кәсіпорын Сайрам ауданында салынды. Мұнда түркиялық «Gen group Qazaqstan» компаниясы 5,3 га жерге жылыжай кешенін салып, банан отырғызған. Өсірілетін банан сорты арнайы Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген.Кәсіпорын басшысы Тимур Утешов алдағы уақытта манго, авокадо сынды жеміс түрлерін өндіруді жоспарлап отырғандығын жеткізді.
Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны Жетісай ауданында дүниеге келді
35 жастаға Гүлмира Ізтілеуова Асықата ауруханасында Әлімхан есімді сәбиді дүниеге әкелді. Бұл Шакеновтер отбасындағы 4-бала. Нәрестенің салмағы 3400 гр, бойы 51 см болып туылған.
Анасы Гүлмира «Жеңіс» жалпы орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі болса, әкесі Ерғалидің тұрақты жұмысы жоқ.
Әзірге жас отбасы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша шалғайдағы ауылдарға баруға ниеттеніп отыр.
Түлкібаста Төтенше жағдай жарияланып, Кентауда ЖЭО істен шықты
Қатты желдің салдарынан Кентау қаласында 10 нысанға зақым келді. Оның ішінде 6 мектеп, 1 балабақша, 2 көп қабатты тұрғын үй, 1 жылыжайдың шатыры ұшып, терезелері сынған және сыртқы қаптамалары түсіп қалған. Сондай-ақ, Кентаудағы жылу энерго орталығы 10 минутқа өшіп қалып, бір қазандық істен шықты. Салдарынан қаладағы көп қабатты тұрғын үйлер бірнеше күнге жылусыз қалды.
Түлкібас ауданы әкімінің №11 шешімімен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Түркістан облысының көп бөлігінде, әсіресе, таулы аудандарда қарлы бұрқасын болды. Ауа-райының нашарлауына байланысты қатты жел мен боран салдарынан республикалық және облыстық жолдарда бекеттер қойылды. Құтқарушылар жолда адасып кеткен 300-ге жуық адамды құтқарды.