Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін таңертеңнен тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Қызылжар ауданы Большая Малышка ауылынан тұрғындарды қауіпсіз жерге шығара бастады.
Қазіргі уақытта ауылдың 20-дан астам тұрғыны жатақханаға орналастырылды, тағы 50-ге жуық адам уақытша туыстарына көшті.
Жағдай бақылауда. Ауылда аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ ведомство бастығы Айдын Қабдұлдинов бастаған ПД аппараты жұмыс істеп жатыр. Полицейлер қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етіп, жергілікті билікке жәрдемдесіп, халыққа жан-жақты көмек көрсетіп жатыр.
Полиция қызметкерлері үй-үйді аралап, тұрғындарға су деңгейінің көтерілуіне байланысты, үйлерін уақытша қалдыру қажеттігін түсіндірді. Тәртіп сақшылары мүлікті қауіпсіз жерге шығарып, тұрғындардың өтініштерін орындап, тұрмыстық мәселелерді шешуге жәрдемдесіп жатыр.
Сондай-ақ ауыл маңына су кірмеу үшін үйілген үйінділер бекітіліп жатыр.
Тасқынмен күреске Ұлттық ұлан әскери қызметшілері де жұмылдырылған. Олар 200 мыңнан астам құм-балшық толтырылған қапшық дайындады.