Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, биыл су тасқыны Ақмола, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Абай облысының 16 елді мекенінде тіркелген. Соның ішінде 10 жағдай РМК «Қазгидромет» деректері негізінде алдын ала болжанған, 2 оқиға — халықаралық GloFAS платформасының мәліметтерімен қамтылған. Ал еріген қар суы мен жер асты суларының көтерілуіне байланысты орын алған 4 жағдай бойынша болжам жасалмаған.
Жүргізілген талдау нәтижелері жүйені жетілдірудің нақты бағыттарын көрсетті.
— Кеңес қорытындысы бойынша Tasqyn жүйесін жаңғырту кезеңдері мен мерзімдері айқындалды. Сонымен қатар еріген және жауын-шашын суының ағыны параметрлерін ескере отырып гидрологиялық модельді толықтыру, гидробекеттер желісін кеңейту, өзен арналарын батиметриялық түсіру, су қоймаларынан төмен орналасқан өзен учаскелерінде су шығынын болжау, сондай-ақ 2024 жылы салынған бөгеттерді ескере отырып жер бедерінің цифрлық модельдерін жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берілді, — делінген хабарламада.
Бұған дейін хабарланғандай, Қанат Бозымбаев табиғи апаттардан тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру жүйесін әзірлеу барысын тексерді.