Су тасқынынан бүлінген үйлерді салу барысы үнемі камерамен бақыланады
АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан бүлінген үйлерді салу барысы үнемі камерамен бақыланады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
«Министрлік жанындағы ахуалдық орталық және Еңбек ресурстарын дамыту орталығы EGOV және «Әлеуметтік көмек» инфоржүйесі арқылы азаматтардан өтініштерді қабылдау және өңдеу процесіне мониторинг жүргізеді. Цифрландыру есебінен іске асыру кезеңдері бөлінісінде объектілік мониторинг қамтамасыз етілді. Дэшбордқа мониторинг нәтижелерін шығару бойынша жұмыстарды аптаның соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді министр.
Сонымен қатар ол әр өңірде жаппай құрылыс алаңдарында тәулік бойы онлайн қолжетімділігі бар 52 камера орналастырылғанын айтты.
"Алдағы аптада Ақтөбе облысында қосымша 6 камераны іске қосу жоспарлануда. Әкімдіктер әрбір нысандағы жұмыстарды жеделдетуі және жұмыстардың уақтылы орындалуын ұдайы бақылауы қажет», - деді Қанат Шарлапаев.